"40% су ысырап болуда": Смайылов суды ұқыпты пайдалануға шақырды

"40% су ысырап болуда": Смайылов суды ұқыпты пайдалануға шақырды
фото: https://www.istockphoto.com/

       Премьер-министр Әлихан Смайылов су шаруашылығында қордаланған мәселе көп екенін және көп жылдар бойы күтіп ұстауға тиісті көңіл бөлінбей келгенін айтты.        

       Үкімет басшысы су ресурстарының тапшылығы жағдайында біраз жұмыс атқару керектігін айтты. 

       “Ұсынылып отырған тұжырымдама осы бағыттағы негізгі бағдарламалық құжат болады. Оны іске асыру су ресурстарын мониторингілеу мен болжаудың нақты жүйесін жолға қоюға ықпал етеді. Бұл жүйе су қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан өте қажет. Тұжырымдаманың маңызды бағыты - су шаруашылығына қажетті инфрақұрылымды салу және реконструкциялау. Көп жыл бойы оларды күтіп ұстауға тиісті көңіл бөлінбей келді, - деді үкімет басшысы.

       Смайылов Орталық Қазақстан мен Астананың басты су арнасы Қаныш Сәтбаев атындағы каналда сорғы станциялары жұмысының тиімділігі небәрі 30% екенін айтты. Ал, Үлкен Алматы каналы пайдалануға берілген кезден бастап 40 жыл бойы жөндеу жүргізілмеген. 

       “Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында магистральдық және шаруашылық аралық арналардың көпшілігі тозған. Салдарынан 40% су ысырап болуда. Тұжырымдаманың тағы бір маңызды бағыты су үнемдеуді ынталандыру. Су тапшылығында және суды тұтынудың артуы кезінде, ең алдымен, су шығынын азайту мен оны ұқыпты пайдалану өте маңызды”, - деді ол.

       Еске салайық, бұған дейін су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов елімізде су кадастрының бірыңғай дерекқорына айналатын цифрлық платформа құрылатынын айтқан еді.

       Stan.kz