Мемлекет

35 жыл бойы мүлде ұйықтамай жүрген әйел дәрігерлердің таңданысын тудырды

  35 жыл бойы мүлде ұйықтамай жүрген әйел дәрігерлердің таңданысын тудырды

                Қытайлық дәрігерлерді Хэнань провинциясынан келген ауыл тұрғыны қатты таң қалдырды. Ли есімді әйел 35 жыл бойы мүлде ұйықтамағанын айтып, ақ халаттылардан көмек сұраған деп хабарлайды Bastille Post басылымына сілтеме жасаған odditycentral.com сайты.

                Ли бала кезінде сәл көз шырымын алу ол үшін мүмкін болғанымен, 5-6 жасынан бастап ұйқы дегеннің не екенін мүлде ұмытқанын айтады. Бүгінде жасы 40-қа келген әйелдің мүлде ұйықтамай жүргенін ауылдастары да растап отыр. Олар әйелдің ұйықтамайтынына көз жеткізу үшін оны аңдып, тексеріп те көрген екен

                 Күйеуі болса, әйелінің ұйқысыз жүріп, үй шаруасымен түнде де айналыса беретініне еті үйренгенін жасырмайды. Бір қызығы, Ли жылдар бойы көз шырымын алмаса да, өзін шаршаңқы сезінбейді екен. Дәрігерлер әйелге түрлі тексеріс жүргізіп, оған диагноз қоя алмай, біраз дал болған. Десе де, олар бұл жағдайдың құпиясын аша алған.

                  Ақ халаттылар анықтағандай, әйелдің ағзасы тынығудың өзгелерден ерекше жолын "тауып алған". Ли айкезбеге ұқсас келетін дертке шалдыққан. Оның ояу жүргендей көрінгенімен, қысқа уақытқа ұйықтап кететін кездері болатыны анықталған. Бұл уақытта Ли төсекке жатпайды, көзін жұмбайды, тіпті сөйлесуін де жалғастыра береді. Оның сәл ұйықтап кеткенін байқататын жалғыз жайт - көзқарасының өзгеруі және асықпай, кідіріп сөйлей бастауы. Дәрігерлердің тұжырымымен Лидің күйеуі де келісіп отыр. Ол әйелінің кей кездері қимылы мен сөздері баяулайтынын талай байқаған екен, тек сол сәтте оның қысқамерзімді ұйқыда екенін мүлде білмей келген.

https://kaz.nur.kz/

Достарыңызбен бөлісіңіз

Пікір қалдыру