Жамбыл облысындағы Талас ауданы Қаратау қаласының тұрғындары жергілікті билік уәдесін орындамады деп наразы. Елдімекенде жылдар бойы жолмен қоса жарық, су мәселесі де шешімін таппай келеді.
Қаланың дәл іргесінде орналасқан «Қалашық» деп аталатын алқаптың орталық көшелерінің бүгінгі сиқы адам көргісіз. Мұндағы тұрғындар жаңбыр суынан кейін жиналға көлшікке, үйрек ұшып, қаз қонатын жағдайға жеттік деп отыр. Ал әкімдік берген уәдесін орындамай отырғандығын алға тартады тұрғындар.
Зейнеткер Аманкүл Хасанова 32 жылдан бері осы жерде тұрады. Сол уақыттан бері мұндағы бір көше жөндеу көрмепті. Әкімдік қызметкерлері жылда келіп, құрғақ уәдені үйіп-төгіп кеткенімен еш нәтиже жоқ. Өркениеттен кеш қалып барамыз деп қынжылады қария.
Халима Әмірбаева, ауыл тұрғыны:
Жел тұрса бірінші су өшеді. Көшелерде мүлде жарық жоқ. Кеш батса қараңғыда далаға шығу мүмкін емес.
Әкімдік қызметкері болса биыл қаржы қарастырылады деп сендірді. 279 миллион теңгеге сметалық құжаттар дайындалып қойған. Ақша бөлінсе 3 көшенің жөндеу жұмыстарын бастап кетпек.
Еркін Алтышев, Талас ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
Осы Городок алқабынан 3 көшеміз бар. Бізде Байқоджаев, Жансүгіров және Алтынсарин көшесі биылғы жылға мемлекеттік сатып алу қорытындысына сәйкес, құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Қаржы қарастырылған.
Жалпы Қаратау қаласында 130 көше болса оның жартысында ғана асфальт бар. Қалғаны сол тоқсаныншы жылдардан кейін мүлде жөндеу көрмей тозып кеткен. Сондықтан әкімдік жыл сайын әр елді-мекеннен бір көшеге жол төсеп, мәселені шешпек.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через