30 монша сабынды суды далаға төккен

30 монша сабынды суды далаға төккен
фото: https://turkystan.kz

Түркістан облысында жер асты ыстық суын қолданатын 69 монша бар. Олардың басым бөлігі суларын ашық алаңға төгіп келген. Салдарынан мал-жан зардап шегуде. Мәселенің ушығып бара жатқанын ескерген эколог мамандар дабыл қағып отыр.

Түркістан облысында жер астынан шығатын ыстық суды қолданатын 69 монша бар. Олар өңірдегі 41 емдік-ыстық су ұңғымаларын пайдаланады. Басым бөлігі Отырар, Келес, Сарыағаш және Ордабасы ауданында орналасқан. Тексеріс барысында 23 жуыну орны сарқынды суын талапқа сәйкес емес септикке төгетіні анықталды.

Руслан Мұздыбеков, Түркістан облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы: «Бірінші кезекте проблемалы болып жатқаны Сауран ауданындағы Қожанов елді мекеніндегі 4 ұңғымаға қосылған 5 монша. Олар қазір халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Бұл моншалардан тәуілігіне 30-40 м3 сарқынды су кәріз жүйесіне кетпей, жер бедеріне төгіліп жиналып жатыр. Қазір 4 моншаға қатысты сот процесі жүріп жатыр»

Ал Отырар ауданында 15 қоғамдық монша болса, оның 11-і талапқа сай келсейді. Олар қалдық суын ауылдың сыртына ағызып жіберген. Ал ол сәйкесінше экологияға кері әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан өңір басшысы бұл істі ертерек қолға алу керектігін айтады.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Бұл мәселені бір жола шешу керек. Ауылдарда білеміз ғой суды арыққа ағызып жібере салады. Экология департаменті мамандармен бірігіп тексеріңіздер. Кеңес үкіметінде 1 ғана ұңғыма болған. Соны алып кәсіпкерлер көп ақша тауып отыр. Ал қалдықпен ешкімнің ісі жоқ»

Сонымен қатар, 30 монша кір суларын ашық жер бедеріне төккен. Салдарынан сабынды су малға, қоршаған ортаға және егістік алқаптарға зиян тигізіпті. Соған байланысты бизнес өкілдеріне эколог мамандар ескерту жасап, сүзгі аппаратын орнатуды ұсырып отыр.

Қазақпарат