фото: Getti images
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 1 қыркүйекте ел халқының саны 20 млн-ға жуықтады. Егер нақтырақ айтар болса, 19 млн 944 мың 726 адамға жетті.
Қай елде халық көп, яғни жер бетіндегі халықтың үштен біріне жуығы қай мемлекеттерде тұрады? Бұл сұрақтың жауабын ғаламтордан қарап көрейік, деп жазды Standard.kz.
Жер бетінде тұратын адамдар саны үнемі өзгереді. Халықтың біркелкі таралуына табиғи жағдайлар, өмір сүру сапасы, туу деңгейі, халықты қаржылық және әлеуметтік қолдау шарасы сияқты түрлі факторлар әсер етеді.
Негізінен адамдардың біразы планетаның солтүстік (90%) және шығыс (85%) жарты шарларында тұрады.
Үндістан Халқы: 1 430 756 000 адам;
Қытай Халқы: 1 422 438 000 адам;
АҚШ Халқы: 336 023 460 адам;
Индонезия Халық саны: 280 488 501 адам;
Пәкістан Халық саны: 227 575 988 адам;
Бразилия Халық саны: 217 555 960 адам;
Жалпы жер халқының саны
Жер халқының саны, БҰҰ бағалауы бойынша, 8 миллиард адамға жетті.
«Егер біз байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты жоймасақ, сегіз миллиард адам тұратын шиеленіс пен сенімсіздік, дағдарыстар мен қақтығыстар әлеміне айналдырамыз», — деп ескертті БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.
Әлемдегі ең дәулетті адамдардың бір пайызы дүние жүзіндегі табыстың бестен біріне тең. Ең бай елдердегі адамдар кедей елдердегі адамдарға қарағанда 30 жылға дейін ұзақ өмір сүреді. Дегенмен, тұтастай алғанда әлем халқының әл-ауқаты артып, денсаулық көрсеткіштері жақсарған сайын, теңсіздіктер артып келеді.
Бала туу көрсеткіші азайып келеді
Әлемде ересектер мен егде тартқан адамдардың саны көбейіп, керісінше балалар саны азаюда. Бір баладан артық бала тәрбиелегісі келмейтін отбасылардың және мүлдем балалы, отбасылы болудан бас тартқан әйел мен еркектердің саны артуда. Дәстүрлі отбасылармен қатар гомосексуалды одақтар да пайда болды. Шын мәнінде гендерлік теңдіктің демографиялық көрсеткішке тікелей әсер етіп отырғанын байқауға болады. Бүгінде ер мен әйел бірдей құқықтарға ие, бірдей киім киіп, бірдей шаш үлгісімен жүре береді. Ердің ер рөлінен, әйелдің өз дәстүрлі рөлінен алшақтауы бала туу көрсеткішін төмендетеді. Кейбір мамандардың айтуынша, дәстүрлі отбасы түсінігі (әке, бала, ана) жиырма жылға жуық уақыттан кейін жойылуы мүмкін. Ал ол өз кезегінде отбасы құрудағы басты мақсат-баланың дүниеге келуіне тосқауыл болмақ. Қазіргі кездегі «өзің үшін өмір сүру» түсінігі көпшіліктің өмірлік ұранына айналғанын да байқаймыз. Осы орайда, адамның түйсік деңгейіндегі басты қажеттілігі- өз ұрпағын жалғастыруды жүзеге асыру проблемаға айналып отыр.
Әлемде адам саны көбейгені пайдалы ма?
Демографияның өсуі мен оның жер шарының әр нүктесінде бір қалыптылықта болмауының салдары үлкен проблемаларға алып келеді:
- Қоршаған ортаға салмақ түседі
- Этникалық проблемалар
- Босқындар мәселесінің шиеленісуі
- Урбанизация проблемасы
Демографиялық қысым сауда-саттық және экономикалық жағдайды ушықтырады.
Экономикасының дамуы төмен мемлекеттерде халық санының өсуі қоршаған ортаға өте үлкен зиянын тигізіп жатқанын көруге болады. Мәселен, қалалардың өсуі мен кеңеюі, жер мен су ресурстарының деградацияға ұшырауы, климаттық өзгерістер, соның ішінде жаһандық жылыну эффектісі - барлығы адам санының күрт өсуі мен олардың тынымсыз әрекеттері әсерінен орын алуда. Кедейшілікпен күрес, табиғатты қорғау мәселелері қолға алыну керек. Мәселен, қоғамда халық санының көп болуынан оларды жұмыс орнымен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау мен білім жүйесіндегі проблемаларды шешу қиындай түседі. Қазіргі уақытта мұндай көріністерді халықаралық жағдайда жиі байқауға болады. Сонымен бірге, ірі қалаларда қуат көзінің, шикізаттың, әсіресе таза, сапалы судың тапшылығы қатты білінеді.
Сарапшылардың пайымдауынша, 2050 жылы жалпы жер бетіндегі адам саны 11 миллиардқа жетеді. Осы орайда логикалық заңды сұрақ туындайды. Біздің Жер ғаламшарымыз осындай шектен тыс салмаққа, шектен тыс қысымға дайын ба? Ал мемлекеттер мен миллиард халқы бар елдер өз тұрғындарын асырауға, қамтамасыз етуге қауқарлы ма? Бұл проблеманы шешудің басты жолы-бай мемлекеттер болашақтағы 10 миллиард адамға пайдаланылатын жер ресурстарын жеткізу мәселесін кезең-кезең, қадам-қадаммен ойластыру қажет.
Фото stylishbag.ru.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через