Сөздің де қисыны бар

Сөздің де қисыны бар

фото: kaz.nur.kz

       Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінде жасанды сөздер мен араб сөздерінің жиі қолданылуына қатысты пікір білдірді. Ол кейбір жаңа сөздер тілімізде кең қолданыс тапқанын, бірақ жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай екенін айтты.

       Бұл туралы Қазақстан Президенті Астанада өткен Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзінде айтты. Мемлекет басшысы жалпы қазақ тілі басқа іргелес елдердің тілдерімен салыстырғанда әлдеқайда таза екенін атап өтті.

       Президент бұрын өте сирек пайдаланған немесе мүлдем пайдаланбаған, бірақ қазір тілімізде кең қолданыс тапқан сөздерді мысалға келтірді: тұжырымдама, қағидат, жоспар, сыйақы, шәкіртақы, еңбек өтілі, кешенді, әмбебап, жүйелі, тыңайтқыш, жанармай, көгалдандыру, босқын, қырғи-қабақ соғыс, қоқан-лоқы, лаңкестік, есірткі, бітімгерлік күштер, мәмілегер, ғарыш, зымыран, жаһан, ғаламтор, тікұшақ, жасанды сана, пайыз, сынып.

       Президенттің айтуынша, бірақ әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек.

"Мысалы, "күйсандық (пианино), қылтима (балкон), субұрқақ (фонтан), себезгі (душ), қырыққабат (капуста), үнқағаз (газет), жеделсаты (лифт), желкөз (форточка)" және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты. Соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар. Жалпы, осының бәрі – өте өзекті мәселелер, сондықтан кәсіби ғалымдар өздерінің салмақты пікірлерін ортаға салуы қажет", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

       Оның айтуынша, тіл ғылымына қатысты әмбебап, бәріне қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу маңызды.

       Президент бұл міндетті мемлекеттік деңгейде сапалы орындау үшін құрамына кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен жалпы қоғам өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобын құрған жөн деп санайды. Оның айтуынша, жұмыс тобының қызметін үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктелді.

       Айта кетейік, 9 қарашада Президент Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлын қабылдады. Ол "Қазақ тілі" қоғамы қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, қазақша мазмұнды байыту және жаңа технологиялар саласында тілдің қолданыс аясын кеңейту секілді үш негізгі бағыт бойынша жобаларды жүзеге асырып жатқаны жөнінде баяндады.

       Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілді үйрету, сондай-ақ ғылыми шығармаларды аудару ісінде жасанды интеллектінің әлеуетін барынша пайдалану маңызды екенін атап өтті.

       Ақпарат дереккөзі:https://kaz.tengrinews.kz/

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!

Сондай-ақ оқыңыз

Жазылу
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз