Дәрілік заттар өндірісінің толық циклін жолға қою стратегиялық міндетке айналуға тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.
— Өздеріңізге мәлім, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласындағы қадағалау өкілеттіктері келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап кеңейтіледі. Министрлік осы өкілеттіктерді іске асыруға 100% дайындықты қамтамасыз етіп, заң бұзуды жедел анықтау үшін өнімді таңбалау жүйесін пайдалануы қажет. Ақысыз дәрімен қамтамасыз ету жүйесіне де ерекше назар аударыңыздар. Бұл, бірінші кезекте, үздіксіз ем қабылдауды қажет ететін созылмалы аурулары бар азаматтар үшін аса маңызды, — деді Олжас Бектенов.
Осы орайда ол дәрілік заттарды алудың түсінікті әрі ыңғайлы тәртібін қамтамасыз ету керек екенін тапсырды. Әрбір емделуші қандай дәрілердің ақысыз берілетінін, оларды қайдан және қашан алуға болатынын, қиындық туындаған жағдайда қайда жүгіну керектігін білуге тиіс.
— Сондай-ақ үйреншікті дәріні басқа өндірушінің өніміне алмастырған жағдайда, оның себептері мен қолдану тәртібін қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізу қажет. Бұл әсіресе, ұзақ уақыт немесе тұрақты емделуді қажет ететін балалардың ата-аналары үшін маңызды. Ақпараттың аз болуы мен әкімшілік рәсімдер ауыр науқастар үшін кедергіге айналмауға тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі осыны негізгі қағида ретінде басшылыққа алсын, — деді Үкімет басшысы.
https://kaz.inform.kz/