Баланы жалғыз қалдыруға бола ма

Баланы жалғыз қалдыруға бола ма

фото: krisha.kz

       «Өзім барамын!», «Мен кішкентай бала емеспін!» — бұл сөздер баланың есейіп, өз бетінше әрекет етуге ұмтылғанын көрсетеді. Ата-ана үшін де баланың дербестігін қалыптастыру маңызды. Алайда еркіндік қауіпсіздік талаптарын екінші орынға шығармауы керек.

       Қазақстан заңнамасында кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігіне жауапкершілік ата-анаға немесе заңды өкілдеріне жүктеледі. Сондықтан баланың қайда, қашан және кіммен бірге жүруіне қатысты бірқатар талап бар.

       Кешкі уақытта жалғыз жүруге болмайды

       18 жасқа толмаған бала түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз көшеде, саябақта, аулада жүре алмайды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабында бұл уақыт 23:00-ден 06:00-ге дейін деп көрсетілген.

       Ал ойын-сауық орындарына қатысты шектеу бұдан ертерек басталады: 22:00-ден 06:00-ге дейін кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде ата-анасыз болуына жол берілмейді.

       Кинотеатр, компьютерлік клуб, кафе немесе басқа да орындарға барған кезде жас ерекшелігіне қойылған талаптарды да ескерген жөн.

       Дәрігерге бару: бала қашан дербес шешім қабылдай алады?

       16 жасқа дейінгі баланы медициналық тексеру, емдеу, диагностика және вакцинациялау ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен жүргізіледі. Сондықтан жасөспірімді денсаулығына қатысты шағымын өзі айтып, дәрігермен дұрыс сөйлесуге ертерек үйреткен пайдалы. Бірақ кәмелетке толғанға дейін ата-ананың қолдауы маңызды.

       Суға шомылу кезінде сақтық екі есе қажет

       Су айдындары мен жағажайларда балаға бақылау күшейтілуі тиіс. 14 жасқа дейінгі балалардың шомылу орындарында ата-анасыз немесе ересектердің қарауынсыз болуына болмайды.

       Бала жақсы жүзе алған күннің өзінде, судағы қауіптің алдын ала болжанбайтынын ескерген жөн.

       Сапарға жалғыз шығуға бола ма?

       Баланың басқа қалаға жарысқа, демалысқа немесе саяхатқа шығуы кезінде де жасына қарай талаптар ескеріледі. Қонақүйге орналасу, ұзақ сапарға шығу сияқты жағдайларда ата-ананың немесе заңды өкілдің келісімі қажет болуы мүмкін.

        Әуе сапарында да арнайы тәртіп бар. Кішкентай балалар ересек адамның сүйемелдеуімен ұшады. Ал белгілі бір жас аралығындағы балаларға авиакомпанияның ата-анасыз ұшатын балаға арналған сүйемелдеу қызметін алдын ала рәсімдеу талап етіледі.

       Сондықтан билет алар алдында нақты әуе компаниясының ережесін тексерген дұрыс.

       Баланы үйде жалғыз қалдыруға ше?

       Қазақстан заңнамасында «баланы пәлен жастан бастап үйде жалғыз қалдыруға болады» деген нақты шек жоқ. Бірақ ата-ана баланың өмірі мен денсаулығына жауап береді.

       Сондықтан шешім баланың жасына ғана емес, оның қауіпсіздік дағдыларына да байланысты қабылдануы керек. Бала төтенше жағдайда кімге хабарласатынын, бөгде адамға есік ашпау керегін, электр құрылғылары мен отпен қауіпсіз жұмыс істеуді білуі тиіс.

        Егер ата-ана ұзақ уақытқа кетіп, баланы туысына немесе басқа ересек адамға қалдырса, қажетті жағдайда баланың атынан әрекет етуге мүмкіндік беретін құжаттарды алдын ала рәсімдеген жөн.

       Дербестікке үйретудің қауіпсіз жолы

       Балаға бақылау жасаудың тиімді тәсілі — оның әр қадамын аңду емес, қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру.

       Ата-ана:

* бала жалғыз шыққанда байланыста болуын қадағалауы;
* қажет болса геолокация бөлісу мүмкіндігін қолдануы;
* ата-ананың және жедел қызметтердің нөмірін телефонға енгізуі;
* ұзақ сапар алдында қажетті құжаттарды дайындауы;
* баламен төтенше жағдайда не істеу керегін алдын ала талқылауы қажет.

       Бала хабарсыз кетсе, үш күн күтудің қажеті жоқ

       Бала белгіленген уақытта үйге келмесе, телефоны өшірулі болса немесе байланысқа шықпаса, ең алдымен сабыр сақтап, оның соңғы барған жерін және кімдермен болғанын анықтаған жөн.

       Достарына, сыныптастарына, олардың ата-аналарына, мұғаліміне немесе бапкеріне хабарласуға болады. Баланың жиі баратын орындарын тексеріп, қолжетімді болса геолокациясын қараған дұрыс.

       Ең маңыздысы — «жоғалған адамды іздеу үшін үш күн күту керек» деген түсінікке сенбеу. Кәмелетке толмаған бала жоғалған жағдайда полицияға дереу хабарласуға болады. Ол үшін 102 нөміріне қоңырау шалып, баланың соңғы фотосын, киімін және ерекше белгілерін хабарлау қажет.

       Балаға еркіндік беру — оны қараусыз қалдыру деген сөз емес. Дербестікпен қатар жауапкершілікті де үйрету қажет. Ал ата-ана үшін заң талаптарын білу — баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі.

       https://ernur.kz/
 

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз