Алаяқтар сіздің ЖСН-ге бөтен нөмір тіркей алатыны рас па

Алаяқтар сіздің ЖСН-ге бөтен нөмір тіркей алатыны рас па

фото: informburo.kz

Сіздің ЖСН-ге бөгде SIM-карта тіркелуі мүмкін. Өзіңзге қандай нөмірлер тіркелгенін қалай тексеруге болады және бейтаныс нөмірді анықтаған жағдайда не істеу керек? 

"Атыңызға қандай нөмірлер тіркелгенін тексеріңіз"

Threads қолданушыларының бірі қазақстандықтарды ЖСН-ге қандай мобильді нөмірлер тіркелгенін тексеруге шақырды. Бұған оның отбасындағы жағдай себеп болған: күйеуінің атына бейтаныс нөмір тіркелгенін олар біраз уақыттан кейін ғана білген.

"Алаяқтар шабуыл жасаудан екі күн бұрын күйеуімнің атына нөмірді оп-оңай тіркеп алған, біз тіпті бейхабар болдық. Кейін қалған оқиғалар басталды...", - деп жазды желі қолданушысы.

ІІМ не дейді?

Біз Ішкі істер министрлігіне хабарласып, бейтаныс нөмірдің кейінгі алаяқтық шабуылдармен байланысы болуы мүмкін бе және ЖСН-інен бөгде SIM-карта табылған жағдайда қазақстандықтар не істеуі керек екенін сұрап білдік.

Ведомство өкілдері бейтаныс нөмірдің болуы банк шоттарыңыз бұзылды дегенді білдірмейтінін, алайда бұл жағдайға бейжай қарамау керек екенін атап өтті.

Аккаунттарға рұқсатсыз кіру, телефон нөмірінің ауысуы немесе күмәнді қаржылық операциялар анықталған жағдайда дереу шара қолдану маңызды. Егер бір уақытта аккаунттардың бұзылу белгілері мен күмәнді қаржылық операциялар байқалса, ІІМ мынадай кеңес береді:

  • банкке және тиісті цифрлық сервистің қолдау қызметіне хабарласу;
  • банк карталары мен есептік жазбаларды бұғаттау;
  • құпия сөздерді ауыстыру;
  • болған жағдай туралы 102 нөмірі арқылы полицияға хабарлау.

Сондай-ақ ведомство қауіпсіздіктің негізгі ережелерін еске салды: үшінші тұлғаларға SMS-кодтарды, құпия сөздер мен банктік деректерді беруге болмайды. Бейтаныс адамдардың нұсқауымен қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын орнатудан немесе күмәнді сілтемелерге өтуден аулақ болу керек.

Сонымен қатар, ІІМ "Стоп-кредит" сервисінің жұмысына, eGov және банк жүйелеріндегі телефон нөмірін ауыстыруға, сондай-ақ биометриялық сәйкестендіру мен ақпараттық жүйелердің техникалық қорғалуына сол сервистердің иелері, банктер мен басқа да уәкілетті ұйымдар жауапты екенін нақтылады.

Телекоммуникация комитеті не дейді?

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда SIM-карталарды рәсімдеу тек биометриялық сәйкестендіруден кейін ғана жүзеге асырылады. Бұл талап ұйымдардың өз қызметкерлеріне жұмыс мақсатында беретін нөмірлеріне де қатысты.

ЦДАӨРМ Телекоммуникация комитеті биометрия мобильді нөмірлерді анонимді пайдалануды болдырмауға және дилерлер мен делдалдар арқылы SIM-карталарды заңсыз рәсімдеу қаупін азайтуға мүмкіндік беретінін түсіндірді.

Өз ЖСН-іңізге тіркелген нөмірлерді қалай тексеруге болады?

Атыңызға қандай мобильді нөмірлер тіркелгенін eGov арқылы тексеруге болады.

Ол үшін келесі әрекеттерді орындау қажет:

  • eGov.kz порталына кіріңіз;
  • Танымал қызметтер бөлімінен "Абоненттік нөмірдің IMEI-ін тексеру" қызметін табыңыз;
  • ЖСН-іңізге тіркелген мобильді нөмірлер тізімін тексеріңіз;
  • Егер олардың ішінде сіз қолданбайтын және ешқашан рәсімдемеген нөмір болса, байланыс операторына хабарласыңыз.

https://kaz.tengrinews.kz/mixnews/

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз