Жолға шығуды жоспарлаған жолаушыларға жағымды жаңалық. 19 қыркүйектен бастап бірқатар бағыттағы пойыздарға арнайы жеңілдік енгізілді. Дүйсенбі мен бейсенбі аралығында жөнелтілетін пойыздардың жекелеген вагондарынан билетті 20-дан 30 пайызға дейінгі жеңілдікпен сатып алуға болады.
Мәселен, №77/78 «Алматы – Маңғыстау» пойызының купе вагонына 20 пайыз, №9/10 «Астана – Алматы» және №67/68 «Астана – Өскемен» пойыздарының отыратын орындары бар вагондарына 30 пайыз жеңілдік қарастырылған.
Ал №65/66 «Астана – Қызылорда» бағытының туристік купелеріне билет 25 пайызға жеңілдетілген бағамен ұсынылады. Сондай-ақ №11/12 және №25/26 «Алматы – Шымкент» пойыздарының туристік купелеріне 20 пайыздық жеңілдік бар.
Арнайы ұсыныс 19 қыркүйектен бастап дүйсенбі мен бейсенбі күндері жөнелтілетін аталған пойыздарға қолданылады. Жеңілдіктің мөлшері пойыздың бағыты мен вагон түріне байланысты белгіленген.
Билеттерді bilet.railways.kz ресми сайты арқылы немесе теміржол вокзалдарының билет кассаларынан сатып алуға болады. Қосымша ақпаратты 1433 тегін нөмірінен және «Жолаушылар тасымалы» компаниясының Instagram желісіндегі @jolaushylar_tasymaly парақшасынан алуға болады.
Сапарды алдын ала жоспарлап, жол шығынын үнемдеуді ойлаған жолаушылар үшін бұл – тиімді мүмкіндік. Жолыңыз жеңіл, сапарыңыз сәтті болсын!