Венеция туристер үшін кіру ақысын көтеруді қарастырып жатыр

Венеция туристер үшін кіру ақысын көтеруді қарастырып жатыр

фото: https://www.artfile.ru/i.php

       Венеция билігі қаланың тарихи орталығына бір күнге келетін туристер үшін алынатын алым мөлшерін арттыру мүмкіндігін талқылап жатыр. Қазіргі 5–10 еуролық төлемнің орнына ең жоғары тарифті 30 еуроға дейін көтеру ұсынылуда. Талқылау барысында 50 еуро көлеміндегі сома да айтылғанымен, нақты шешім әлі қабылданған жоқ.

       Қала бюджеті және салық мәселелері жөніндегі кеңесші Микеле Зуиннің айтуынша, қазіргі төлем туристер ағынын реттеуге жеткілікті деңгейде ықпал етпей отыр. Сондықтан билік алымды арттыру немесе келушілер санына қарай өзгеріп отыратын динамикалық тариф енгізу мүмкіндігін қарастыруда.

       Жаңа тәртіпті 2027 жылдан бастап енгізу мәселесі талқылануда. Алайда бұл үшін Италия үкіметінің келісімі қажет.

       Туристер қанша төлеп жүр?

       Венецияда тарихи орталыққа кіру ақысы 2024 жылы енгізілді. 2026 жылы төлем белгілі бір күндері сағат 08:30-дан 16:00-ге дейін алынды.

       Қолданыстағы тариф бойынша турист сапарын кемінде төрт күн бұрын рәсімдесе – 5 еуро, ал үш күн қалғанда немесе одан кеш төлесе – 10 еуро төлейді. Төлем жасалған соң келушіге QR-код беріледі.

       Биыл бұл жүйе 60 күн қолданылып, қала бюджетіне 5,2 миллион еуродан астам кіріс түскен. Жалпы 680 мыңға жуық билет сатылған.

       Негізгі мақсат – туристік жүктемені азайту

       Алым негізінен Венецияда қонбай, бірнеше сағатқа ғана келетін бір күндік туристерге қатысты. Қала билігі дәл осы келушілердің көптігі тарихи орталық пен инфрақұрылымға түсетін салмақты арттыратынын атап отыр.

       Венецияны күтіп ұстауға жыл сайын шамамен 100 миллион еуро жұмсалады. Биліктің пайымынша, туристік алымды өзгерту бюджетке қосымша қаражат түсіріп қана қоймай, келушілерді адам аз күндерді таңдауға ынталандыруы мүмкін.

       Кімдер төлемейді?

       Венецияда қонақүй немесе апартаментте түнейтін туристер бұл алымнан босатылады. Алайда жеңілдікті растайтын құжат рәсімдеп, арнайы QR-код алуы қажет.

       Жергілікті тұрғындар, Венецияда туғандар, студенттер мен белгілі бір санаттағы жұмыс істейтін азаматтарға да жеңілдік қарастырылған.

       Алым тек тарихи орталыққа қатысты. 2026 жылы Lido di Venezia, Murano, Burano және Torcello аралдарына бұл талап қолданылмады.

       Төлемнен жалтарғандарға 50-ден 300 еуроға дейін айыппұл салынуы мүмкін.

       Қазір Венеция билігі алым алынатын күндерді көбейту, оның қолданылу мерзімін ұзарту және сұраныс жоғары кезеңдерге қосымша тариф енгізу нұсқаларын қарастырып жатыр. Дегенмен, жаңа жүйенің нақты тәртібі мен тарифтері әзірге бекітілген жоқ. 

       https://kaz.tengrinews.kz/tengritravel/     

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз