Қытай мен Непал шекарасындағы Гиронг өткелінде болған алапат селден кейін құтқару және қалпына келтіру жұмыстары күрделі жағдайда жалғасып жатыр.
Reuters агенттігіне сілтеме жасап. Мұздықтың опырылуынан болған сел Қытай мен Непалды байланыстыратын маңызды көлік жолын бүлдіріп, шекаралық аймақтағы қатынасты қиындатқан. Құтқарушылар тар тау шатқалында, опырылу қаупі бар жартастар мен ағысы қатты өзеннің арасында жұмыс істеп жатыр. Кей жерлерде өзен ағысының жылдамдығы секундына 6–7 метрге дейін жеткен.
Қытайдың Тибет автономды ауданында құтқарушылар апат аймағына жаяу жетіп, үйінділер арасынан адамдарды іздестіруде. Сонымен қатар бүлінген жолды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сейсенбі күнгі мәлімет бойынша, апат аймағына 60-тан астам құтқарушы жеткен.
Табиғи апат шекараның арғы бетіндегі Непалға да орасан зор шығын келтірді. Елдің құтқару қызметтері шалғай аудандарға жету үшін уақытша көпірлер салып, бүлінген жолдарды қалпына келтіруде. Негізгі іздестіру жұмыстары селден зардап шеккен гидроэлектр станцияларында жүргізіліп жатыр.
Алайда аймақта қауіп әлі сейілген жоқ. Мамандар жаңа көшкіндер мен мұздықтың қайта опырылу қаупі бар екенін ескертеді. Тибет жағында бұған дейін пайда болған көлдер біртіндеп табиғи жолмен тартылып жатқанымен, Непалдағы жоғарғы ағыста тұрақсыз су жиналған аумақтар өзен арнасын қайта бөгеп қалуы мүмкін. Мұндай табиғи бөгет бұзылған жағдайда құтқару аймағына жаңа тасқын жетуі ықтимал.
Бұған қоса, синоптиктер аймақта нөсер жауын жалғасатынын болжап отыр. Бұл өзендер мен көлдердегі су деңгейінің қайта көтерілуіне әкелуі мүмкін.
Қытай билігі мұздық қайта опырылған жағдайда тағы бір апат болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ал өткен апаттан кейін пайда болған шұңқырдағы су көлемі шамамен 260 олимпиадалық бассейнге тең болған. Қазір ондағы су көлемі біртіндеп азайып келеді.
Қытайдың ресми дерегі бойынша, Тибет аумағында 16 адам қаза тауып, 546 адам әлі күнге дейін хабарсыз кеткендер қатарында. Селдің жойқын күшінен қоршаған тау беткейлерінде 60 метр биіктікке дейін із қалған.
https://24.kz/kz/