Қазақстандық жанкүйерлер әлемдегі ең белсенді деп танылды

Қазақстандық жанкүйерлер әлемдегі ең белсенді деп танылды

фото: pixabay.com

IRIS Sport зерттеуі бойынша, Милан мен Кортинадағы Олимпиада кезінде қазақстандық жанкүйерлер Ұлттық олимпиадалық комитеттің парақшаларында ең жоғары белсенділік танытқан, деп хабарлайды Tengri Sport Ұлттық олимпиадалық комитеттер қауымдастығына (ANOC) сілтеме жасап.

ҚР ҰОК 2026 жылғы Олимпиада кезінде жарияланымдардың аудиторияны тарту деңгейі бойынша АҚШ, Чехия және Мексика ҰОК-тарының әлеуметтік желілердегі парақшаларын басып озып, бірінші орынға ие болды.

"Контент жариялау бойынша жалпы белсенділік пен тартылу деңгейі қалыпты болғанына қарамастан, Қазақстан (барлық платформа бойынша) ең жоғары орташа тартылу көрсеткішін көрсетті. Бұған бірлескен жарияланымдар, мысалы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровпен жасалған посттар арқылы да қол жеткізілді", - делінген зерттеуде.

Айта кетейік, абсолют мәндер бойынша ҚР ҰОК-тың әлеуметтік желілердегі парақшалары үздік ондыққа кірмейді.

Дегенмен, орташа көрсеткіштер, яғни лайктар, реакциялар мен пікірлердің посттар санына арақатынасы өте жоғары.

Скриншот: anocolympic.org

Қазақстан барлық әлеуметтік желілердегі жиынтық көрсеткіш бойынша да, жекелей Instagram-да да орташа тартылу деңгейі бойынша көш бастап тұр.

Фото: anocolympic.org/

Еске сала кетейік, 2026 жылғы қысқы Олимпиадада Қазақстан құрамасы бір медаль иеленген болатын - мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы жекелей сында Михаил Шайдоров тарихи алтынды жеңіп алды.

Әлеуметтік желілердегі қазақстандық жанкүйерлер феномені

Айта кетейік, қазақстандықтардың әлеуметтік желілердегі белсенділігі туралы әлемде баяғыдан бері "аңыздар" айтылып жүр. Кейінгі мысал - Дастан Сәтпаев ауысқаннан кейін "Челсидің" әлеуметтік желілеріндегі дүрбелең.

Сәтпаевтың алғашқы голы салынған "Челсидің" Instagram-аккаунтындағы видео клуб парақшасындағы ең көп талқыланған роликке айналды. Ал лондондықтардың вингер түскен жарияланымдарының бірі 22 мыңға жуық пікір жинады. Хабарламалардың басым бөлігін қазақстандық қолданушылар қалдырған.

Ағылшын жанкүйерлері мен БАҚ мұны "Сәтпаев әсері" деп атап, футболшының артында бүкіл ел тұрғанын жазды.

“Сәтпаевтың артында бүкіл ел тұр“: шетелдіктерді “қазақстандықтың әсері“ таңғалдырды

Былтыр қазақстандықтардың Instagram-дағы белсенділігін Мадридтің "Реалы" да сезінді. Атақты команда Чемпиондар лигасында Алматыда ойнайтыны белгілі болғаннан кейін, олар испан клубының аккаунтына пікір жаудырды.

Ал тағы бір әйгілі еуропалық клуб - италиялық "Интер" қазақстандық белсенді жанкүйерлердің көңілінен шығуды ұйғарды. Чемпиондар лигасындағы "Қайратпен" ойынға бірнеше апта қалғанда клубтың аккаунтында Қайрат Нұртастың әні қойылған посттар мен қазақ тіліндегі жарияланымдар пайда бола бастады.

Бұл посттардың астындағы белсенділік те жоғары болды, бірақ кейін жарияланымдар арнайы қазақстандық қолданушылар үшін жасалғаны белгілі болды. Басқа елдерде "Интер" аккаунтының қазақ тіліндегі жарияланымдары көрсетілмеді.

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз