Кітаптан басталған үлкен марафон

Кітаптан басталған үлкен марафон

фото: nege.kz

       Кітап – адамға дайын жауап бермей, ойлануды үйрететін рухани ұстаз. Осы құндылықты күнделікті дағдыға айналдыру мақсатында Астанада «Кітап оқитын ұлт» марафоны басталды. «Зерделі ұлт» жобасы аясындағы бастама оқушы мен ұстазды бір кітаптың айналасына топтастырып, бірге оқуға, бірге ой түюге үндейді.

       Марафонға 6-10 сынып оқушылары мен педагогтер қатысады. Алты айға жоспарланған жоба барысында олар 15 кітап оқып, оқығанын жай ғана мазмұндап қоймай, шығарманың өзегін тарқатып, автор айтқысы келген ойды бүгінгі өмірмен сабақтастыруға тырысады.

       Мұнда кітапты қолына алып, соңғы бетін жабу – мақсаттың соңы емес. Әр шығарма бойынша қатысушылар бес түйінді ой әзірлеп, оны буктрейлер, инфографика, дебат секілді шығармашылық тәсілдермен таныстырады. Яғни кітап оқу – бұл жерде үнсіз оқылатын әрекеттен пікір алмасатын, ойды ортаға салатын үдеріске айналады.

       Жобаның тағы бір ерекшелігі – оқушы мен педагогтің бір командада жұмыс істеуі. Әр топта үш оқушы мен үш ұстаз бас қосып, оқылған шығарма бойынша сауалдар әзірлейді, оның идеясының күнделікті өмірде, тіпті ұстаздық тәжірибеде қалай көрініс табатынын бірге іздейді. Бұл – кітапты парақтан өмірге жақындатудың бір жолы.

       Ал марафон соңында үздік оқырмандар да назардан тыс қалмайды. Ең белсенді қатысушылар арасынан бес велосипед иегері анықталады: төртеуі оқушыларға, біреуі педагогке табысталады. Бірақ ең үлкен сый – жүлдеден бұрын, кітаппен дос болған алты айдың өзінде. Себебі бір кітап кейде бір ойды өзгертсе, бір жақсы ой адамның тұтас бағытын өзгертуі мүмкін.

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз