Декрет жүйесі өзгере ме:Үкімет қандай ұсыныс айтты?

Декрет жүйесі өзгере ме:Үкімет қандай ұсыныс айтты?

фото: newsroom.kz

       Қазақстанда декреттік демалыс тәртібін өзгерту мәселесі қарастырылып жатыр. Үкімет отырысында ер азаматтарға бала күтіміне байланысты демалыс беру тәртібін қайта қарау және бала туғаннан кейінгі алғашқы екі жылда әйелдерге көрсетілетін қолдаудың форматын өзгерту мәселелері талқыланды.

       Ұсыныстардың бірі – әйелдерге берілетін қолдаудың бір бөлігін бөбекжай-бақша орындарымен немесе бала күтуші қызметімен алмастыру. Бұл ретте кішкентай балаларды балабақшамен қамтуды кеңейту және бала күтушілер тапшылығын азайту жолдары қарастырылмақ. Алайда әзірге бұл ұсыныстар бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ.

       Декреттік демалысқа қатысты мәселе әлеуметтік көмек жүйесін реформалау аясында қаралып отыр. Үкімет алғашқы кезеңде әлеуметтік төлемдердің 36 түрінің 14-ін атаулы қағидатқа көшіруді жоспарлап отыр. Яғни көмек азаматтың нақты әлеуметтік жағдайы мен мұқтаждығына қарай көрсетілуі көзделген.

       Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар беретін әлеуметтік көмектің 13 түрін төрт негізгі бағытқа біріктіру ұсынылды. Ал 2027 жылдың басынан бастап ардагерлерге көрсетілетін жекелеген әлеуметтік қолдау шараларына да атаулық қағидатын енгізу жоспарланып отыр.

       Үкімет отырысында әлеуметтік төлемдермен қатар, мүгедектігі бар азаматтардың деректерін тексеру мәселесі де сөз болды. Жасанды интеллект көмегімен жүргізілген тексеру барысында мүгедектік белгілеуге негіз болған медициналық құжаттарды қолдан жасауға қатысты 167 жағдай анықталған. Бұл материалдар құқық қорғау органдарына берілген. Сондай-ақ әртүрлі адамдардың деректерінде сәйкестік байқалған 18 647 жағдай тіркелген.

       Ал әлеуметтік төлемдерді алу шарттарындағы өзгерістер туралы қазақстандықтарға 1 қазаннан бастап кезең-кезеңімен хабарланады. Яғни әлеуметтік қолдау жүйесіндегі өзгерістер туралы қажетті мәліметтерді азаматтар электронды түрде ала алады.

       

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз