Анемия. В12 дәруменінің тапшылығы

Анемия. В12 дәруменінің тапшылығы

фото: br.net.ua

       В12 дәруменінің тапшылығынан туындайтын анемия — ағзада В12 дәруменінің (кобаламиннің) жетіспеушілігінен пайда болатын қан ауруы. Бұл тапшылық эритроциттердің  оттегіні барлық мүшелер мен тіндерге тасымалдайтын қан жасушаларының  түзілу процесін бұзады. Ұлттық госпитальдің профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімінің терапевт дәрігері Айшолпан Әлібайдан   В12 дәруменінің жетіспеушілігі  жайлы толық  ақпарат алған  едік. - В12 дәруменінің жетіспеушілігі  тек анемияға ғана емес, сонымен қатар жүйке жүйесінің зақымдануы мен зат алмасудың бұзылуына да әкелуі мүмкін. Сондықтан  жағдайды дер кезінде анықтап, емдеу өте маңызды.  Дәруменге деген тәуліктік қажеттілік 1–5 микрограммды (мкг). Адам ағзасы В12 дәруменін өздігінен өндіре алмайды ол тек жануарлардан алынатын  өнімдер  арқылы ғана қабылданады.                         

В12 дәрумені дегеніміз не және ол бізге не үшін қажет?

       В12 дәрумені (цианокобаламин) – ағза үшін өте қажет, суда еритін дәрумен. Ол мынадай процестерге қатысады: эритроциттердің (қанның қызыл түйіршіктерінің) түзілуі мен жетілуі, ми мен жұлынның қорғаныш қабықшаларын құрайтын жасушалардың түзілуі, орталық және шеткі жүйке жүйесінің жұмыс істеуі, ДНҚ синтезі және жасушалардың бөлінуі.                                

В12 дәрумені тапшылығының себептері

       Негізгі себептері:ет, балық, сүт өнімдері мен жұмыртқаны аз тұтыну,В12 дәрумені қоспаларынсыз қатаң вегетариандық немесе вегандық диетаны ұстану, дәруменнің сіңуін нашарлататын асқазан-ішек жолдарының аурулары, асқазанның немесе ішектің бір бөлігін хирургиялық жолмен алып тастау,белгілі бір дәрі-дәрмектерді ұзақ уақыт бойы қабылдау,  жастың ұлғаюына байланысты дәруменнің сіңуінің төмендеуі, ағзада паразиттердің, атап айтқанда таспа құрттардың болуы.      Жоғарыда аталған процестерден бөлек, В12 дәрумені тапшылығының бір себебі, ағзаның асқазан мен ішек жасушаларына шабуыл жасап, олардың жойылуын әкелетін аутоиммундық реакция. Бұл дәруменнің сіңу процесін бұзады. Анемияның бұл түрі пернициозды анемия (немесе Аддисон-Бирмер анемиясы) деп аталады және клиникалық тұрғыдан ауырлығымен ерекшеленеді-дейді дәрігер.                          

Анемияның ең жиі кездесетін белгілері.

       Айшолпан Әлібайдың айтуынша ағзадағы дәрумен тапшылығы баяу және біртіндеп дамиды. В12 тапшылығынан туындаған анемия гематологиялық ауытқулардан, ас қорыту жүйесінің бұзылуы мен жүйке жүйесінің зақымдану белгілерінен байқалады.Адамда біртіндеп әлсіздік, енжарлық, физикалық жүктемені көтере алмау, ентігу және жүрек қағуы, ас қорытудың бұзылуы, аяқ-қолдың ұюы, саусақтардағы сезімталдықтың біртіндеп жоғалуы және салмақ тастау белгілері байқалады. Сондай-ақ  тіл ұшының шаншуы немесе шымырлауы сезіледі. Науқаста беттің ісінуі мен мимиканың әлсіреуі, терінің бозғылт-сарғыш реңкі және тіл бүршіктерінің тегістелуі (нәтижесінде тіл «таңқурай түстес, жылтыр» болып көрінеді) байқалады. Жас адамдарда шаштың ерте ағаруы мүмкін. Ұзаққа созылған және ауыр тапшылық мынадай жағдайларға әкелуі мүмкін: қол мен аяқтың ұюы, жүріс-тұрыстың бұзылуы және тепе-теңдікті жоғалту, есте сақтау қабілеті мен зейіннің нашарлауы, ашушаңдық немесе депрессия сияқты неврологиялық мәселелер, тілдің қызаруы және ондағы ашыту сезімі.                                  

Диагностикалау.

       Анемияның бұл түрінің көп факторлы сипатын ескере отырып, дәрігер кешенді тексеруді тағайындайды: жалпы қан талдамасы, қандағы В12 витаминінің деңгейін өлшеу, фолий қышқылының деңгейін бағалау, қажет болған жағдайда тапшылықтың себебін анықтау үшін қосымша зертханалық зерттеулер. Аспаптық зерттеулерге іш қуысының ультрадыбыстық зерттеуі, асқазан мен ішектің эндоскопиялық зерттеуі, жүрек-тамыр жүйесін бағалау кіреді. Ауруды өз бетіңізше анықтауға тырыспаңыз. Оның  себебін тек дәрігер анықтап, тиісті емді тағайындай алады.                                          

Емдеу.

       Емдеудің негізгі әдісі – В12 дәруменінің тапшылығын толықтыру және осы тапшылыққа әкелген негізгі себептерді жою. Аурудың себебіне байланысты дәрігер мынадай шараларды тағайындауы мүмкін: В12 дәруменінің инъекциялары,ішке қабылданатын В12 дәрумені қоспалары, асқазан немесе ішек ауруын емдеу; тамақтану рационын түзету. Емдеу барысында терапияның тиімділігін бағалау үшін қан талдаулары үнемі тексеріліп отырады.  Аурудың бұл түрінің даму қаупін азайту үшін мынадай талаптарды орындау қажет.Дұрыс тамақтану: қатаң диеталар мен ашығудан аулақ болу және рационда жануар тектес ақуыздың жеткілікті мөлшерде болуын қамтамасыз ету. Жедел жұқпалы ауруларды және созылмалы аурулардың өршуін уақтылы емдеу. Еңбек пен демалыс режимін дұрыс сақтау. Дәрігердің тағайындауы бойынша мультивитаминдік кешендерді  уақытылы қабылдау.                              

В12 дәруменіне бай тағамдар:

       Сиыр және тауық бауыры, сиыр еті, теңіз балығы мен теңіз өнімдері, жұмыртқа, сүт және ашытылған сүт өнімдері, табиғи ірімшік. Рационынан жануарлардан алынатын  өнімдерді толығымен алып тастаған адамдар дәрігердің ұсынысы бойынша В12 дәруменін қабылдауы қажет.                                  

Алдын алу шаралары.

       Анемияның алдын алу үшін мынадай шаралар ұсынылады: теңгерімді және дұрыс тамақтануды ұстану, асқазан-ішек жолдарының ауруларын уақтылы емдеу, тұрақты түрде медициналық тексерулерден өту, дәрілік заттарды дәрігердің тағайындауынсыз қабылдамау, В12 дәруменінің деңгейін жиі тексеріп тұру (егде жастағы адамдар мен қауіп тобындағылар үшін).  В12 дәруменінің жетіспеушілігінен туындайтын анемия дер кезінде медициналық көмекке жүгінген жағдайда емделетін ауру. Оның ұзақ уақыт бойы жетіспеуі жүйке жүйесінің  зақымдануына әкелуі мүмкін екенін есте сақтаған жөн. Егер сізде әлсіздік, аяқ-қолдың ұюы, бас айналу немесе басқа да алаңдатарлық белгілер байқалса, дәрігерге қаралып, тексеруден өту қажет. Тамақтану және емдеу бойынша тағайындауларды  орындау  денсаулықты сақтауға және өмір сүру сапасын қалыпты деңгейде ұстауға көмектеседі. 

Ұлттық госпитальдің журналисі Жазира Зәкірқызы

 

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз