Алматы көшелеріндегі жол жұмыстарының қашан аяқталатыны белгілі болды

Алматы көшелеріндегі жол жұмыстарының қашан аяқталатыны белгілі болды

фото: pixabay.com

Алматыда биыл жалпы ұзындығы 250 шақырым болатын 340 көше орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Kazinform сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-ға дейін жеткізілмек. Бүгін, 1 қыркүйекке дейін жалпы ұзындығы 32 шақырым болатын 15 магистральдық көшенің учаскелерінде жөндеу аяқталған. Олар — Зенков, Жамақаев, Жетісу, Шемякин, Мәмбетов, Рысқұлбеков, Жанқожа батыр, Ескендіров, Ақан сері, Манас, Ғабдуллин, Жандосов, Орталық, Үшкемпіров көшелері мен Құлжа тасжолының учаскелері.

Ал Жұбанов, Өтеген батыр көшелерінің, сондай-ақ Алтынсарин және Абай даңғылдарының аумақтарында асфальтбетон жабынының төменгі қабаты төселген. Алдағы демалыс күндері асфальтбетон қоспасынан жабынның жоғарғы қабаты төселмек. Одан кейін жол таңбасы сызылады.

Сондай-ақ биыл Алатау ауданында 99 көше, Әуезов ауданында — 16, Наурызбай ауданында — 19, Бостандық ауданында — 39, Түрксіб ауданында — 21, Жетісу ауданында — 44, Медеу ауданында — 78 және Алмалы ауданында 1 көше орташа жөндеуден өтіп жатыр.

— Бүгінде жұмыстар 70%-ға орындалды, 31 қазанға дейін толық аяқтау жоспарланған, — деп хабарлады басқармадан.

Ведомство өкілдері «Ақжар», «Боралдай» және «Рахат-Мәдениет» шағын аудандарында жалпы ұзындығы 96 шақырым болатын жаңа жолдың құрылысын жүріп жатқанын атап өтті. Қазір ол 80%-ға аяқталған.

Еске салайық, бұған дейін қала тұрғындары жаңа оқу жылына дейін көшелерде жол жұмыстарының аяқталмауына байланысты алаңдаушылық білдірді. Осыған орай, Алматы көшелерінің көлік жүктемесіне дайындығы туралы жазғанбыз.
 

Ақпарат Kazinform агенттігінен алынды. 

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз