Жел мен күнге сенім артқан ел

Жел мен күнге сенім артқан ел

фото: https://ca.pinterest.com

       Қазақстанда электр энергиясын өндіруде күн мен желдің үлесі жыл сайын артып келеді. Бұл – қоршаған ортаны қорғап қана қоймай, елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтудің де маңызды жолы.

       Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр көлемі 8,6 миллиард киловатт-сағатқа жеткен. Бұл – елімізде өндірілген жалпы электр энергиясының 7 пайызы. Яғни бүгінде әрбір он бесінші шамның жарығы күннің, желдің немесе судың қуатынан жанып тұр деуге болады.

        Салыстырып қарасақ, 2022 жылы бұл көрсеткіш небәрі 5,11 миллиард киловатт-сағат болған еді. Үш жылдың ішінде «жасыл» энергия өндірісі 1,7 еседен астам өсіп, Мемлекет басшысы жүктеген 1,5 есе өсім туралы тапсырма мерзімінен бұрын әрі жоғары деңгейде орындалды.

       Мұндай нәтижеге жетуге бірнеше фактор әсер етті. Соның ішінде жаңартылатын энергия жобаларына арналған ашық аукциондардың өткізілуі, шетелдік және отандық инвесторлардың қызығушылығының артуы, сондай-ақ жаңа электр станцияларының іске қосылуы маңызды рөл атқарды.

       Өткен жылы елімізде жалпы қуаты 503,5 мегаватт болатын 9 жаңартылатын энергия нысаны пайдалануға берілді. Ал биыл бұл жұмыс жалғасын табады. Жоспар бойынша жалпы қуаты 245 мегаватт болатын 10 жаңа жоба іске қосылады. Оның ішінде 4 жел электр станциясы, 5 күн электр станциясы және 1 су электр станциясы бар.

       Мамандардың айтуынша, жаңартылатын энергия көздерін дамыту – тек экология үшін емес, экономика үшін де тиімді. Жаңа жобалар өңірлерде жұмыс орындарын ашып, инвестиция тартуға және энергия тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.

       Қазақстан алдағы жылдары да «жасыл» энергетикаға басымдық беруді көздеп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар елдің электр қуатына деген сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, болашақ ұрпаққа таза әрі қауіпсіз қоршаған орта қалдыруға да негіз болады.

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз