Алматыда «Жастар қатысатын бюджет – 2026» жобасы аясындағы онлайн дауыс беру аяқталды. Сегіз күн ішінде қала тұрғындары жастар ұсынған жобалармен танысып, өздері үшін маңызды бастамаларға қолдау білдірді. Нәтижесінде он мыңға жуық дауыс берілді.
Жобаға 203 өтінім түсіп, сараптамалық іріктеуден кейін оның 122-сі онлайн дауыс беруге жіберілді. Ұсыныстар білім беру, экология, технология, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау және қалалық ортаны дамыту бағыттарын қамтыды.
Дауыс беру қорытындысында бірінші орынға Бақытжамал Шадиеваның «Инклюж лэб» – инклюзивті білім беру тәжірибелері орталығын құруға бағытталған жобасы шықты. Екінші орынды Әсет Мадиярдың «Ана академиясы» бастамасы иеленсе, үшінші орын Мереке Іңірбаевтың «Жасыл қала» – алғашқы білім беру сити-фермасы мен дұрыс тамақтану зертханасы жобасына берілді.
Үздік бастамалардың қатарында жасанды интеллект арқылы оқу мәдениетін дамытуға арналған «Китап хаб ай», балаларды дамыту және оңалту орталығы «Бэби кэр», инженерлік-дамытушы «Кьюм трэк» хабы, сондай-ақ «Сәт апп» мобильді қосымшасы бар. Жастар кәсіпкерлігі мен қоғамдық бастамаларды қолдайтын «Кәсіпкер» және «Сенім» медиа-жобалары да назардан тыс қалмады.
Бұл жобаның басты ерекшелігі – жастардың қала дамуына қатысты мәселені өздері анықтап, оның шешімін ұсынуы. Бір бастамаға 500 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін қаржы бағытталуы мүмкін. Биыл 18-20 жобаны іске асыру жоспарланған. Алдағы уақытта қолдау көрсетілетін жастар жобаларының санын жылына 50-ге дейін арттыру көзделіп отыр. Яғни жас буынның тың идеясы нақты іске айналып, Алматының болашағына қызмет етпек.