Түркістан облысында Сырдария өзеніне шомылуға барған ағайынды екі жігіт суға батып, қаза болды. Ер адамдарды іздеу жұмыстары бірнеше тәулікке созылды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы baribar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық ТЖД мәліметінше, қайғылы жағдай 22 тамызда Сауран ауданы Үшқайық ауылдық округінің аумағында болған. 1998 және 2002 жылғы туған ағайынды жігіттер өзен жағасында демалып, шомылуға тыйым салынған жерге суға түскен.
Ағайынды жігіттер бір-бірін құтқармақ болған
Алдын ала мәлімет бойынша, 24 жастағы жігіт суға түскен кезде қатты ағысқа тап болып, бата бастаған. Оған көмектесу үшін 28 жастағы ағасы суға ұмтылған. Алайда екеуі де өзеннен шыға алмай қалған.
Оларды іздеу жұмыстарына 90-ға жуық адам жұмылдырылды. Құтқару жұмыстарына Түркістан облысы мен Шымкент қаласының құтқарушылары, полиция қызметкерлері, медицина мамандары, жергілікті тұрғындар және марқұмдардың туыстары қатысты.
Мамандар іздеу барысында жүзу құралдарын, дрондар мен техникаларды пайдаланған.
Бірінің денесі 6 шақырым жерден, екіншісі 30 шақырым жерден табылды
24 тамызда 2002 жылы туған жігіттің денесі оқиға болған жерден шамамен 6 шақырым қашықтықтан табылды. Ал келесі күні құтқарушылар өзен ағысымен төмен қарай іздеу жұмыстарын жалғастырып, 1998 жылғы туған ер адамның денесін оқиға орнынан шамамен 30 шақырым жерден анықтады.
25 тамызда іздеу жұмыстары барысында оқиға орнынан шамамен 30 шақырым жерде су бетінен 1998 жылғы туған екінші ер адамның денесі табылды. Осылайша, Сырдария өзеніндегі іздеу жұмыстары аяқталды. Екі ер адам да қаза болды, – делінген хабарламада.
Ведомство тұрғындар мен өңір қонақтарын судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Құтқарушылар жабдықталмаған және шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түспеуге кеңес береді.
Ақпарат baribar.kz сайтынан алынды.