Ақпарат құралдары электронды коммерция алпауытының күйреуін қарастыратын сценарийлерді талқылап жатыр.
Қарсыластың қоймаларына дрондармен жойқын әрі тоқтаусыз шабуылдары және қарызының алапат ауқымға жетуі кесірінен РФ электронды сауда алыбы теңдессіз тығырыққа тірелгендей.
Осы аптаның соңында Wildberries қоймалары тағы да ұшқышсыз аппараттардың сұрапыл соққысына ұшырады. Бұл жолы Башқұртстандағы жаңа, аса заманауи логистикалық орталық нысанаға айналды. Бұл туралы OSINT талдауына сілтеме жасап, ресейлік ASTRA хабарлады. Әңгіме Чишми ауданындағы "Агротехнологиялар орталығы" агропаркінің аумағындағы объект туралы болып отыр.
Оның құрылысы 2024 жылы басталған болатын. Нысанның жалпы аумағы шамамен 186,8 мың шаршы метрді құрайды. Орталық әлі толық салып бітпегенімен, оның бір бөлігін Wildberries қазірдің өзінде пайдалануда. Компанияның өзі кезекті қоймасына шабуыл жасалғанын растады, деп мәлім етті германиялық DW.
"Барлығы 21 дрон ұшып келді. Оның 16-сы Салават қаласының үстінде атып түсірілді. Қалғанының бәрі Чишми ауданындағы логистикалық орталықты нысанаға алды", – деді Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабиров бейсенбі күні, 13 тамызда.
Осы аптадағы соңғы шабуылдар:
Башқұртстан: Ауқымды шабуылға аумағы 186 500 шаршы метрге жететін WB-ның ең үлкен логистикалық хабтарының бірі душар болды. Объекті өртке оранған.
Ресейдің Оңтүстігі: украиналық дрондар Краснодар және Невинномысск қалаларындағы Wildberries қоймаларын жарды. Ресми деректерге сәйкес, шабуылдың қуаттылығы сонша, Краснодар өлкесінде үш адам, Ставрополь өлкесінде тағы бес адам зардап шекті.
Владимир облысы және Екатеринбург: украиналық ұшқышсыз аппараттар Владимир облысындағы ірі хабқа және Екатеринбургтегі логистикалық кешенге де соққы жасады. Бұл шабуыл шекарадан 2000 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан ең алыс нысананың біріне айналды.
Шілде айының ортасында басталған украиналық дрондардың Wildberries логистикалық орталықтарына жаппай шабуылдарының сериясы ары қарай жалғасуда. Reuters дерегінше, 18 шілде мен 15 тамыз аралығында ресейлік маркетплейстің 30 ірі тарату хабының 20-дан астамы жермен-жексен етілген. Жалпы, ірісімен шектелмей, орташасын, ұсағын қосқанда, ВБ қоймаларының жалпы саны 209-ға жетеді.
Зардап шеккен және өртеніп кеткен қоймалардың жалпы ауданы 2 млн шаршы метрден асты. Бұл бүкіл Монако мемлекетінің территориясынан үлкен! Маркетплейстің қожайыны – "РВБ" ЖШҚ тобы өз иелігінде 5,2 млн шаршы метр қойма-логистикалық алаң барын хабарлаған еді. Бүгінде оның жартысына жуығы тас-талқан етілгенге ұқсайды.
Тапсырыс беру пункттері жаппай сатылуда
Киевтің Wildberries қоймаларына қырғидай тиюі және одан кейін туындаған логистикалық коллапс селлер-саудагерлер мен тапсырыс беру пункттерінің (ТБП) басшыларына ауыр соққы болып тиді.
"Маркетплейс дәуірлеген, дүрілдеген кезеңде мол табыс табу үшін бұл сегментке лап қойған кәсіпкерлер енді сол нүктелерінен жаппай құтылуға асық. Салдарынан дайын тапсырыс беру пунктін өте арзанға сатып алуға болады. ТБП бағасы 500 мыңнан бастап, 6 млн рубль аралығына дейін құлдырады", – деп жазды MSK1.RU.
Дайын бизнесін алғысы келетіндерден 850 мың рубль ақы сұраған жарнама авторының түсіндіруінше, шілде айында маркетплейстен түскен төлем әдеттегі көрсеткіштерден қатты төмендеп, бар болғаны 200 мың рублді құраған. Мұны бизнес деп айту қиын, тіпті жалақыдан аз.
Пунктінің құнын небәрі 750 мың рубльге бағалаған тағы бір сатушы шілде айында түсімнің мүлде болмағанын, керісінше, шығынға батқанын жасырмады.
"Биылғы шілдеде, ашығын айтсам, "минусқа" кеттім. Абырой болғанда, басқа табысым – жалақым болғандықтан, пунктен келген шығынды өз қалтамнан өтей алдым", – деп мойындады ол ресейлік порталдың тілшісімен әңгімесінде.
Ресейлік экономист Николай Кульбака ТБП нарығының перспективасы жоқ деп санайды. Экономистің пікірінше, саудагерлер не десе о десін, бірақ сатудың себептері тек біреу: бекет қомақты түсім әкелуді қойды.
"ТБП – бұл осал бизнес. Мұндай пункттердің көбі тез-ақ банкротқа ұшырайды. Өйткені табысты болудың шарттары – көп тауар өткізу және ірі чек. Мұны орындау қиын. Әрине, бизнесті сату туралы жарнамада кез келген себепті жаза салуға болады. Мысалы, онда "тұрақты пайда әкелетінін" жазады. Оның бәрі – ертегі. Шын мәнінде, ТБП-ны көбінесе, шығынды бола бастағандықтан сатуға қояды", – деді экономист MSK1.RU сайтына сұхбатында.
Журналист одан "қоймалардағы жаппай өрттерден кейін селлерлердің жағдайы қиындады ма?" деп сұрады. Кульбака бұған: "Дәп солай!", – деп жауап берді. Бірақ мәселенің тереңірек жатқанын қосты.
"Ахуал әр ай сайын тек қиындай түсуде, өйткені, біріншіден, маркетплейстер саудалау шарттарын қатаңдатып жатыр. Алып қоятын комиссиясы да өсті. Екіншіден, Ресейде бизнестің табыстылығы жалпы алғанда өте қатты төмендеп барады: салықтар өсуде, тұтынушылардың табысы азаюда, басқа проблемалар шаш-етектен. Сондықтан ТБП-лар алдағы уақытта тек шетінен банкротқа ұшырай береді", – деп болжады ресейлік сарапшы.
Компанияның өзі оптимизм сақтап отыр: Wildberries-дің баспасөз қызметі серіктестердің жаппай жабылып жатпағанына сенімді. Керісінше, бір жыл ішінде ТБП-лар желісі 13%-ға өсіп, қазірдің өзінде 98 мың нүктеге жеткен. Компания мәлімдегендей, "бұл кәсіпкерлердің осы бизнеске деген қызығушылығының әлі де сақталып отырғанын көрсетеді".
Компания сондай-ақ логистикалық тізбектерді жедел түрде өзгертіп, тауар ағындарын аман қалған қоймалар арқылы қайта бағыттап жатқанын жеткізді.
Көрде ме, әлде төрде ме: империяның құлауы мүмкін бе?
Ресейлік сарапшылар да, ақпарат құралдары да "алпауыт мына түрімен жабылып тынбай ма?" деген сұрақты жиі қоя бастады. Татарстандық Inkazan басылымы сұрау салған сарапшылар "қоймаларды жоғалтуы компанияның жойылуын білдірмейді" деген тоқтамға келді. Олардың байламынша, тасымал-логистикасын қалпына келтіруге, тауар ағындарын қайта бағыттауға және ақыры тірі қалуға ірі маркетплейстің ресурстары әлі де жеткілікті.
Atomic Capital бас директоры әрі негізін қалаушы Александр Зайцевтің тұжырымдауынша, сала алпауыты бірден екі бағытта – жедел және стратегиялық тұрғыда әрекет етіп жатыр. Бір жағынан, Wildberries тапсырыстарды сақтандыру қызметін кеңейтіп, сатушыларды қолдауға бағытталған бірқатар нысаналы шаралар қабылдады.
Екінші жағынан, Зайцевтің мәліметінше, стратегиялық бағытта компания Қазақстанда бос қойма алаңдарын белсенді түрде іздестіруде, тіпті тапқан сыңайлы. Сонымен бір мезгілде ағындардың бір бөлігін қайта бағыттау мақсатында Алматы мен Астанада алып логопарктерді салып жатыр. Сарапшының пікірінше, бұл қадамдардың бәрі соққының салдарын азайтуға көмектеседі.
Алайда ресейлік экономист Илья Марголиннің пікірінше, компанияның қаржылық тұрақтылығы маңызды бір мәселені – сатушылардың сенiмін жоғалту проблемасын шеше алмайды. Әлеуметтік желілерде видео түсіріп жатқан көптеген селлер не ісін мүлдем жабатынын, не маркетплейстен кететінін мәлімдейді. Сондықтан Марголин тауары мен соңғы ақшасынан айырылған кәсіпкерлердің үлкен бір бөлігі бұл платформамен әрі қарай ынтымақтасудан аяқ тартуы ықтимал екенін ескертті.
Бұл ойды Платформалық экономика ұлттық орталығының ғылыми жетекшісі Михаил Болдырев те құптайды. Оның байламынша, қоймаларды қайтадан салуға, тасымал-логистика маршруттерін өзгертуге болады. Мысалы, тауарлардың бір бөлігін жалға алынған шағын қоймаларға шашыратып, сондай-ақ кәсіпкердің өз алаңында сақтауға шығарып жатыр.
Дегенмен, егер кәсіпкер тауар қалдықтарын, жарнамалық бюджеттерін және капиталын бәсекелестерге, басқа платформаға көшіріп үлгерсе, оны кейін кері қайтару қиын болады. Болдырев егер селлерлер платформадан жаппай қашса, ал, сатып алушылар тапсырысының тұрақты кешігуінен және саудадағы тауарлардың мардымсыз ассортиментінен шаршаса, онда маркетплейстің саудасы да тоқырайтынын қаперге салды.
Ресейлік ақпарат құралдары ресейлік бөлшек сауда алпауытының күрделі қаржылық тәуекелдермен де бетпе-бет келгенін жазды. Бірақ маңызды жайт бар: маркетплейс күйрейді деуге ерте, компания жұмыс істеп тұр және міндеттемелерін де орындауда.
Медиадағы мазасыз пікірлерге біріккен компанияның басты заңды тұлғасы – "РВБ" ЖШҚ-ның есебін егжей-тегжейлі талдау да түрткі болды. Ең салмақты тәуекел – меншік капиталы өте аз, қарызы тым көп.
RWB тобы өзінің 2025 жылғы есебі бойынша мынадай көрсеткіштерін жариялады:
түсімі – 1,187 трлн руб.;
таза пайдасы – небары 55,3 млрд руб.;
жыл соңындағы кредиттер мен қарыздары – шамамен 830,5 млрд руб.;
селлерлер алдындағы берешегі – 213,9 млрд руб.;
меншік капиталы – бар болғаны 2,44 млрд руб.;
ағымдағы операциялардан түсетін ақша ағыны – минус 376,6 млрд рубль.
Бұл цифрлар "Клерк" басылымында жарияланған есептілікті талдауда келтірілген. Біріккен құрылымның айналдыратын қаржылық ағыны аса ауқымды, бірақ таза табысы құйтақандай ғана. Сарапшыларды ең көп шошынтқаны – 830 млрд рубльден асатын қарыз бен небәрі 2,4 млрд меншік капиталдың қолайсыз арақатынасы.
"Өткен жылы компанияның қысқа мерзімді міндеттемелері оларды өтеуге пайдалануға болатын айналым активтерінен 391 млрд рубльге асып кетті. Қарапайым тілмен айтқанда, "РВБ" ЖШҚ 55 млрд рубль пайда көрсетті, бірақ ағымдағы қызмет шотқа ақша түсірмеді, керісінше, тағы 377 млрд рублді талап етті. Жетіспейтін қаражатты компания негізінен жаңа кредиттер есебінен жапты. Екінші мәселе: қарызы бизнесіне қарағанда тезірек өсуде. Кредиттер мен қарыздар 104,4 млрд-тан 830,5 млрд рублге дейін, немесе бір жылда шамамен 8 есе өсті. Пайыздық шығындары 14,3 есеге артты", – деп түсіндірді салық кеңесшісі Евгений Сивков.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz