Алматыға күн сайын 800 мың адам қатынайды

Алматыға күн сайын 800 мың адам қатынайды

фото: https://pixabay.com/

Қаланың айналасындағы елді мекендерді дамыту арқылы қалаға түсетін жүктемені азайту көзделіп отыр. 

2020–2025 жылдары Алматы халқы қалаға көшіп келгендер есебінен 224 мыңнан астам адамға өсті.

Бұдан бөлек, мобильді операторлардың дерегінше, қалаға күн сайын шамамен 800 мың адам келеді. Олардың басым бөлігі – Алматы облысының тұрғындары.

Бұл мәселе Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен кеңесте талқыланды. Жиында қалаға сырттан келетін тұрғындар мен күн сайын қатынайтын адамдар санының көлік, әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымға түсіретін салмағы сөз болды.

Әкім қалаға қанша адамның келетінімен қатар, олардың не себепті күн сайын қатынайтынын да ескеру қажет екенін айтты. Тұрғындардың өз үйлеріне жақын жерде жұмыс істеуіне, балаларының білім алуына және медициналық қызмет алуына мүмкіндік жасау қалаға түсетін жүктемені азайтады.

Осыған байланысты жауапты басқармаларға Алматы мен оның айналасындағы елді мекендерді дамыту жоспарларын әзірлегенде тұрғындардың көшіп келуі мен күнделікті қатынауын ескеру тапсырылды.

Дерек көзі: https://inbusiness.kz

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз