Ғалымдар зерттеу жүргізді
Жастар арасында қатерлі ісіктің неге жиілегені белгілі болдыФото: freepik
Жастар арасында қатерлі ісікке шалдығу жиілеп барады. Бұған ағзаның ерте қартаюы себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Вашингтон университетінің медицина мектебінің ғалымдары мәлімдеді.
Германияның Қатерлі ісікті зерттеу орталығы (DKFZ) елде 20–39 жас аралығындағы адамдар арасында ішектің обыры жиілегенін хабарлады. Бұл үрдіс АҚШ-та да байқалып отыр. Онда ауруға шалдығу деңгейі Германияға қарағанда жоғары екені айтылды. Бұл тек ішектің қатерлі ісігіне ғана емес, сондай-ақ қатерлі ісіктің басқа да түрлеріне қатысты.
Вашингтон университетінің медицина мектебінің ғалымдары қатерлі ісіктің көбею себептерін түсіндіруге көмектесетін ықтимал байланысты анықтады. Зерттеу нәтижесінде жастардың хронологиялық және биологиялық жасы арасында айтарлықтай айырмашылық бар екені белгілі болды. Яғни қазір жастардың кейбір ағзалары мен тіндері бұрынғыға қарағанда жылдамырақ қартаюы мүмкін. Сонымен қатар ғалымдар бұл зерттеу тікелей себеп-салдарлық байланысты емес, тек екі құбылыстың арасында өзара байланыс бар екенін көрсететінін атап өтті.
"Біз 50 пайызға ықпал ете аламыз, ал қалған 50 пайызы генетикаға байланысты", – деді зерттеу авторларының бірі Рон Яхимович.
Оның сөзінше, ағзаның қартаюын баяулатуға тұрақты дене белсенділігі, дұрыс ұйқы және тамақтану көмектеседі. Ерте жастағы семіздік, қимыл-қозғалыстың аздығы және ұйқының жеткіліксіздігі қартаю үдерісін жеделдетуі мүмкін.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz