Түркияның цитрус жемістері экспорты жарты жылда 911 млн доллардан асты

Түркияның цитрус жемістері экспорты жарты жылда 911 млн доллардан асты

фото: https://pixabay.com/

2026 жылдың алғашқы алты айында Түркияның цитрус жемістері экспорты 911 млн 35 мың АҚШ долларына жетті.

Жерорта теңізі экспорттаушылар одақтарының мәліметінше, қаңтар–маусым айларында шетелге 807 мың 114 тонна цитрус жемісі жөнелтілген.

Салыстырмалы түрде алғанда, өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 518 млн 768 мың долларды құраса, биыл экспорт көлемі айтарлықтай өсіп, 911 млн 35 мың долларға жетті.

Экспорт құрылымында ең үлкен үлесті мандарин иеленді – 532 млн 309 мың доллар. Одан кейін лимон – 213 млн 383 мың доллар, апельсин – 110 млн 430 мың доллар, грейпфрут – 54 млн 659 мың доллар және басқа да цитрус түрлері келеді.

Түрік цитрус жемістерінің негізгі импорттаушылары қатарында Ирак, Ресей, Украина, Польша және Румыния бар.

Аталған кезеңде Иракқа 357 млн 289 мың доллардың, Ресейге 235 млн 615 мың доллардың, Украинаға 47 млн 288 мың доллардың, Польшаға 41 млн 203 мың доллардың, ал Румынияға 36 млн 265 мың доллардың өнімі экспортталған.

Түркия Ұлттық цитрус кеңесі төрағасының орынбасары Кемаль Качмаздың айтуынша, цитрус жемістерін сату елдің жаңа піскен көкөніс пен жеміс-жидек экспортындағы стратегиялық бағыттардың бірі саналады.

Оның сөзінше, түрік цитрус өнімдері жоғары сапасы, өндіріс стандарттары және қаптамасының арқасында әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие.

Кемаль Качмаз жаңа маусым қыркүйек–қазан айларында басталатынын айтып, биыл өнім көлемі артады деген үміт білдірді. Егер аптап ыстық пен өзге де табиғи апаттар болмаса, мол өнім жиналады деп күтілуде.

Сондай-ақ ол Түркияның өсімдіктерді биологиялық қорғау тәсілдеріне көшуінің нәтижесінде пестицид қалдықтарына қатысты мәселелер шешілгенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл фактор цитрус экспортының одан әрі өсуіне оң әсер етеді.

Айта кетелік Мажарстанда жеміс тапшылығы: баға өсіп, импорт артуы мүмкін. 

Дерек көзі: https://kaz.inform.kz

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз