Сыртқы отит: белгілері, себептері және емі

Сыртқы отит: белгілері, себептері және емі

фото: https://www.istockphoto.com

       Жаз – демалуға, күнге қыздырынуға және суға түсуге арналған мезгіл. Алайда, жазғы демалысыңызды  тонзиллит пен құлақ инфекциялары сияқты аурулар  бұзуы мүмкін. Отит – бұл сыртқы құлақ пен дабыл жарғағының арасындағы сыртқы есту жолы терісінің қабынуы. Бұл ауру көбінесе құлаққа су кіріп, ұзақ уақыт бойы сол жерде тұрып қалғаннан кейін дамиды. Құлақ ішіндегі  жылу мен ылғалдылық бактериялар мен саңырауқұлақтар сияқты микробтардың көбеюіне қолайлы жағдай туғызады. Ұлттық госпитальдің  оториноларинголог дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Алмас Бисұлтанұлы Аманғалиевтің айтуынша сыртқы отит бірнеше себептен пайда болады.

       Бассейнде, теңізде немесе көлде шомылғаннан, сондай-ақ душ қабылдағаннан кейін, құлақты мақта таяқшаларымен, сіріңкемен немесе басқа заттармен тазалағаннан , құлақ ішіндегі теріні тырнап алғаннан кейін, құлаққапты, құлақ тығындарын немесе есту аппараттарын жиі қолданған кезде, экзема, аллергия немесе терінің басқа да ауруларынан жәнеқұлаққа ластанған су кіргеннен кейін. 

       Сыртқы құлақтың зақымдалған терісіне судың және салқын ауа ағындарының (мысалы, кондиционерлерден, жел өтінен немесе сплит-жүйелерден) әсер етуі, бактериялар мен саңырауқұлақтардың көбеюіне қолайлы жағдай туғызады. Тағы бір қауіп фактор – құлақты дұрыс тазаламау. Бұл есту жолының терісін жарақаттауы мүмкін. Теріде қабыну процесі басталып, ол тері астындағы тіндер мен дабыл жарғағына таралуы және нәтижесінде сыртқы отиттің дамуына әкелуі мүмкін.   Cондай-ақ  дәрігер жаз мезгілінде жиі кездесетін отит түрлерін атап өтті :сыртқы отит,жедел катаральды ортаңғы отит, экссудативті ортаңғы отит, іріңді ортаңғы отит, созылмалы іріңді ортаңғы отиттің өршуі.                    

       Отиттің белгілері мен көріністері:Құлақтың ауыруы, (әсіресе құлақ қалқанының алдындағы дөңесті (трагусты) басқанда немесе құлақ қалқанын тартқанда), құлақ ішіндегі қышу сезімі,, құлақтың бітеліп немесе қысылып тұрғандай сезілуі, құлақ жолының қызаруы мен ісінуі, құлақтан сұйықтық немесе ірің бөлінуі, есту қабілетінің уақытша  нашарлауы, шайнау немесе жақ қозғалысы кезінде ауырсынудың күшеюі.       

       Құлақ инфекциясы  кезінде көрсетілетін алғашқы көмек:Құлақты құрғақ ұстаңыз. Уақытша бассейнге немесе ашық су айдындарына барудан бас тартыңыз. Жуынған кезде құлаққа  су кіргізбеуге тырысыңыз.Құлаққа ешнәрсе салмаңыз. Мақта таяқшаларын, сіріңке немесе басқа да заттарды қолданбаңыз. Құлақ ішіндегі сұйықтықты немесе құлақ балауызын өз бетіңізше алып тастауға тырыспаңыз, себебі бұл жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Кейде дәрігерге арнайы құралдардың көмегімен құлақ жолын мұқият тазалауы қажет болады.Құлаққа спирт, сутегі асқын тотығын, бор қышқылын, май немесе басқа да үй жағдайындағы емдік құралдарды тамызбаңыз! Егер дабыл жарғағы зақымдалған болса, кейбір ерітінділер қауіпті болуы мүмкін. Құлақтың айналасына  ыстық сүлгі басып, спирттен компресс жасамаңыз! Ауырсынуды басу үшін, егер сізде қарсы көрсетілімдер болмаса, нұсқаулыққа сәйкес парацетамол немесе ибупрофен қабылдауға болады. Мүмкіндігінше тезірек ЛОР дәрігеріне  қаралыңыз. Сыртқы отитті емдеудің негізгі әдісі – әдетте маманның тексеруінен  кейін тағайындалатын құлақ тамшылары.               

       Дәрігерге шұғыл түрде баратын жағдайлар:Ауырсыну қатты болса немесе тез күшейіп бара жатса, дене қызуыңыз қатты көтерілсе, құлақ айналасында ісіну мен қызару таралып жатса,құлақтан ірің немесе қан ақса, есту қабілеті айтарлықтай нашарласа, науқаста қант диабеті немесе иммунитеттің қатты әлсіреуі болса, балада құлақ инфекциясының белгілері пайда болса,. Сыртқы отиті емдеу әдетте жақсы нәтиже береді, алайда  дұрыс емес тамшыларды қолдану немесе құлақты өз бетіңізше тазалауға әрекеттену жағдайды ушықтыруы мүмкін. Сондықтан жағдайды қиындатпай негізгі  белгілер байқалған соң  дәрігерге қаралу керек - дейді оториноларинголог Алмас  Аманғалиев. 

       Ұлттық госпитальдің журналисі Жазира Зәкірқызы 

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз