Салық қызметкерлері екі iPhone алғаны үшін 100 миллион теңге айыппұл арқалады

Салық қызметкерлері екі iPhone алғаны үшін 100 миллион теңге айыппұл арқалады

фото: pexels.com

Алматы облысында мемлекеттік кірістер басқармасының үш қызметкеріне қатысты үкім шықты. Олар алдын ала сөз байласу арқылы топ болып пара алу, сондай-ақ парақорлыққа делдал болу бойынша кінәлі деп танылды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан"  порталы  kaz.tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.  

Істің мән-жайы

Камералдық бақылау барысында жеке кәсіпкердің кірістерін төмендету дерегі анықталып, оған заңбұзушылықтарды жою туралы хабарлама жолданған.

Салық қызметкерлері шоттарды бұғаттамау және хабарламаны кері қайтарып алу үшін кәсіпкерден 5 миллион теңге талап еткен. Кейін басқа бөлім басшысының делдал ретінде араласуымен олар 5 миллион теңгені жалпы құны 1,5 миллион теңге болатын екі iPhone 17 Pro-ға ауыстыруға келіскен. Смартфондарды алғаннан кейін қызметкерлер салық хабарламасын негізсіз орындалды деп таныған.

Сот қандай үкім кесті?

Сотталушылардың кінәсі қылмыстық іс материалдарымен және олардың мойындау айғақтарымен толық дәлелденді.

Жаза тағайындау кезінде сот олардың шын жүректен өкінуін және асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуын жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.

Сот басқарма басшысына 52 миллион теңге, бөлім басшысына 52,5 миллион теңге, ал делдалға 15 миллион теңге айыппұл салды. Сотталғандар мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Смартфондар заттай айғақ ретінде танылып, мемлекет кірісіне тәркіленді. Сотталғандардан Жәбірленушілерге өтемақы қорына мәжбүрлі төлемдер өндірілді.

Үкім заңды күшіне енді.

Ақпарат kaz.tengrinews.kz сайтынан алынды. 

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз