Global Passport Index 2026 рейтингінің қорытындысы бойынша Қазақстан төлқұжаты Орталық Азия мемлекеттері арасында ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Әлемдік тізімде ел 109-орыннан көрініп, өңірдегі өзге мемлекеттердің бәрінен озық тұр.
Рейтингте Қазақстан Мальдив Республикасы мен Беларусьтің арасына жайғасқан. Ал көршілес мемлекеттердің көрсеткіштері төменірек: Өзбекстан – 123, Қырғызстан – 127, Тәжікстан – 140, Түрікменстан – 144-орында.
Зерттеу мәліметінше, Қазақстан азаматтары әлемнің 48 еліне визасыз бара алады. Бұдан бөлек, Қытай, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан және Андорра сияқты мемлекеттерге жеңілдетілген тәртіппен кіруге немесе визаны шекарадан рәсімдеуге мүмкіндік берілген.
Сонымен қатар АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция және Жапонияны қоса есептегенде, шамамен 85 мемлекетке сапарлау үшін алдын ала виза алу қажет.
Рейтингті әзірлеушілер паспорттың беделін тек визасыз бағыттардың санымен ғана бағаламайды. Сонымен қатар елдің инвестициялық тартымдылығы мен тұрғындардың өмір сүру сапасы сияқты маңызды көрсеткіштер де ескеріледі.
Осы бағалау нәтижесінде Қазақстан кеңейтілген мобильділік индексінде 112-орынға, өмір сүру сапасы көрсеткіші бойынша да 112-орынға ие болды. Ал инвестициялық тартымдылық индексінде 61-орын алып, бұл бағыттағы ең жоғары нәтижесін көрсетті.
Биылғы Global Passport Index рейтингіне әлемнің 197 елі мен аумағы енгізілген. Бағалау халықаралық мобильділік, инвестициялық ахуал және өмір сүру сапасын қамтитын үш негізгі санатқа біріктірілген 14 көрсеткіш негізінде жүргізілген.
Жаһандық рейтингте көш басында Швеция тұр. Үздік бестікке Швейцария, Финляндия, Германия, сондай-ақ бесінші орынды бөліскен Дания мен Нидерланд енді.
Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, инвестициялық әлеуетін нығайту арқылы Орталық Азиядағы ең беделді паспорт иесі мәртебесін сақтап келеді.
Айта кетейік, Henley Passport Index рейтингінің соңғы жаңартылған дерегінде Қазақстан төлқұжаты әлем бойынша 57-орында көрсетілген.