Оқушылар халықаралық олимпиадада бес медаль алды

Оқушылар халықаралық олимпиадада бес медаль алды

фото: https://turkystan.kz

Қытайдың Сучжоу қаласында 12–20 шілде аралығында өткен International Economics Olympiad (IEO 2026) халықаралық экономика олимпиадасында Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, бес медаль жеңіп алды.

Әлемнің 61 елінен 300-ге жуық дарынды оқушы қатысқан беделді білім бәйгесінде қазақстандық оқушылар бір алтын, үш күміс және бір қола медаль иеленді.

Жүлдегерлер:

  • Мұхтархан Батырхан – Астана қаласындағы Нұра ауданындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы. Алтын медаль иегері атанып, халықаралық экономика олимпиадасының екі дүркін чемпионы болды.
  • Кемелов Дінмұхаммед – Алматы қаласы Медеу ауданындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы. Күміс медаль.
  • Жапаров Альтаир – Алматы қаласы Медеу ауданындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы. Күміс медаль.
  • Сұлтанбек Аружан – Алматы қаласындағы «Мирас» халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы. Күміс медаль.
  • Қуанышбек Темірлан – Алматы қаласы Медеу ауданындағы NIS-тің 10-сынып оқушысы. Қола медаль.

Ұлттық құраманы «Teenvestor» мектебінің директоры әрі ұлттық құрама жаттықтырушысы Руслан Мулдашев пен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Зере Жарлагапова дайындады.

Бұл жетістік Қазақстанда дарынды жастарды қолдау және халықаралық олимпиадаларға жүйелі даярлау жұмысының нәтижесін көрсетті. Әлемнің үздік оқушыларымен бақ сынаған қазақстандық жас өрендер экономика, қаржы және бизнес бағыттары бойынша жоғары дайындық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

International Economics Olympiad (IEO) – экономика, қаржы және бизнес саласындағы мектеп оқушыларына арналған әлемдегі ең беделді зияткерлік жарыстардың бірі. Олимпиадада қатысушылардың теориялық білімімен қатар, аналитикалық ойлау қабілеті, қаржылық сауаттылығы және практикалық кейстерді шешу дағдылары бағаланады.

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз