Канье Уэсттің Орталық стадионда өтетін концерті «Қайратқа» кедергі келтірмек

Канье Уэсттің Орталық стадионда өтетін концерті «Қайратқа» кедергі келтірмек

фото: https://www.nur.kz

       «Қайрат» Канье Уэсттің Орталық стадионда өтетін концерті клубпен келісілмегенін мәлімдеді. Өйткені сол күндері стадионда «Қайрат» өз алаңындағы матчын өткізеді, оның үстіне қазір еурокубок жарыстары өтіп жатыр.

       Қазақстан Премьер-лигасының күнтізбесіне сәйкес, «Қайрат» 8 және 15 тамыз күндері Орталық стадионда Қазақстан чемпионаты аясындағы өз алаңындағы матчтарын өткізуге тиіс. Сонымен қатар 11–13 тамыз аралығында клубтың еурокубоктағы өз алаңындағы кездесуі өтуі мүмкін.

«Мұндай ауқымды концертті өткізу сахна мен техникалық жабдықтарды ұзақ уақыт бойы орнатуды және бөлшектеуді талап етеді. Сондай-ақ бұл футбол алаңы мен стадион инфрақұрылымына едәуір жүктеме түсіреді. Тығыз спорт күнтізбесі жағдайында мұның барлығы алаң сапасына, стадионды ресми матчтарға дайындау процесіне, белгіленген талаптарға сай ойындарды өткізу мүмкіндігіне әсер етуі ықтимал», – дейді клуб өкілдері.

       «Қайраттықтар» Орталық стадионда өтеді деп жоспарланған кез келген бұқаралық шара футбол күнтізбесін міндетті түрде ескере отырып және барлық мүдделі тараппен келісілгеннен кейін ғана іске асырылуға тиіс екенін атап өтеді.

       Осыған байланысты клуб өкілдері тиісті келісім толық аяқталғанға дейін 14 тамызға жоспарланған концерттің Орталық стадионда ұйымдастырылатыны туралы ақпарат жариялауды ерте деп санайды.

       Еске салсақ, First Media Group компаниясы 14 тамыз күні Алматыдағы Орталық стадионда америкалық рэпер Канье Уэсттің жеке концерті өтетінін хабарлаған еді. Бұл ақпаратты  Канье Уэстпен жұмыс істейтін менеджер Джозеф Карре де растады. Сондай-ақ билеттер 20 шілде күні сағат 12:00-де сатыла бастайтыны хабарланды.

       https://nege.kz/

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз