Еуропа басылымдары Қазақстан туризміне назар аударды

Еуропа басылымдары Қазақстан туризміне назар аударды

фото: https://pixabay.com/

Шетел басылымдарында Қазақстан туризмі туралы мақалалар жарық көрді.

Әсіресе Бельгия мен Нидерландтың танымал басылымдары Қазақстан туризміне назар аударды. Биылғы мамыр айында Kazakh Tourism, Visit Astana және Accor компанияларының қолдауымен Бельгия мен Нидерландтың жетекші туристік басылымдары – Reishonger және Reisgoesting журналдарының журналисі Астанаға баспасөз турымен келді. Сапар нәтижесінде елорда туралы үш мақала жарияланды.

Жарияланған материалдарда Қазақстанның заманауи сәулеті мен ұлттық мәдени мұрасының үйлесімі кеңінен сипатталған. Журналист Ұлттық музейді аралап, "Тамыр" этноорталығында болып, "Ұлы Дала Мұрасы" балет қойылымын тамашалады. Сонымен қатар жергілікті базарды, Орталық мешітті және Астананың өзге де көрікті орындарын көрді. Автордың айтуынша, заманауи мегаполистің өзінде көшпенділердің мәдениеті, салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтары мен тағамдары бүгінге дейін сақталған.

"Астанада заманауи ғимараттардың арасында өз дәстүрін ерекше құрметтеп сақтап отырған қоғамды көрдім", – деп әсерімен бөлісті журналист.

Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылы Қазақстандағы қонақ үйлер мен демалыс орындары Бельгиядан келген 5032, ал Нидерландтан келген 6308 туристке қызмет көрсеткен. Бұған дейін де Маңғыстау облысы мен Астанаға осы елдердің Porschist, Papillio және Travel Book секілді танымал туристік басылымдарының өкілдері арнайы сапарлаған.

Сондай-ақ 2026 жылдың наурыз айында Kazakh Tourism Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігімен бірлесіп Брюссельде роуд-шоу ұйымдастырды. Іс-шара барысында қазақстандық туроператорлар шетелдік әріптестеріне еліміздің туристік бағыттары мен мүмкіндіктерін таныстырды.

Мамандардың пікірінше, шетелдік БАҚ-пен, блогерлермен және туризм саласының өкілдерімен жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс Қазақстанның Еуропадағы туристік имиджін нығайтып, елімізге деген қызығушылықтың артуына ықпал етеді.

Дерек көзі: https://inbusiness.kz

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз