Жаңа өмір: Қазақстанға қандай мамандар қажет

Жаңа өмір: Қазақстанға қандай мамандар қажет

фото: pexels.com

Қазақстан экономикасына 2030 жылға дейін 900 мыңға жуық маман қажет. Оның 500 мыңнан астамы инженерлік кадр болса, тағы 185 мыңы педагог болуға тиіс. 

Алайда жастар арасында стоматология, құқық, психология, халықаралық қатынастар мен IT бағыттары танымал. Мемлекет сұранысы мен жастар таңдауының арасындағы бұл алшақтық неден туындап отыр? Ал жасанды интеллект еңбек нарығындағы осы тепе-теңдікті қалай өзгертеді? Kazinform тілшісі тақырыпты зерделеп көрді.

Еңбек нарығының жаңа талабы: Қазақстанға қандай мамандар қажет

Коллаж: Kazinform/ ЖИ көмегімен жасалған

Мемлекет қандай мамандарға басымдық беріп отыр

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, жоғары оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік гранттардың көлемі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлейтін кадрларға қажеттілік болжамына сүйене отырып жасалады. Бұл болжамды әзірлеу кезінде өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері, экономика салаларындағы еңбек ресурстарына деген сұраныс, мемлекеттік бағдарламалардың көрсеткіштері және жұмыс берушілердің ұсыныстары ескеріледі.

Аталмыш министрлік дерегіне сәйкес, алдағы бес жыл көлемінде ел экономикасына 883 295 маман қажет болады. Оның ішінде 529 977 маман немесе жалпы сұраныстың 60 пайызы инженерлік кадрларға тиесілі. Педагогикалық бағыттағы мамандарға қажеттілік шамамен 185 491 адамды немесе 21 пайызды құрап отыр. Қалған 19 пайыз қызмет көрсету, гуманитарлық ғылымдар, бизнес және өнер секілді салаларға бағытталған.

Осыған байланысты мемлекеттік гранттардың негізгі бөлігі инженерлік және ауыл шаруашылығы салаларына бөлінген. Сонымен қоса, педагогикалық мамандықтар да басым бағыттардың қатарында қалып отыр.

— Гранттарды бөлу, сондай-ақ кадрларды жүйелі даярлау ел экономикасының қажеттілігіне сәйкес қалыптастырылады, — деп көрсетілген министрліктің жауабында.

Мемлекеттік саясаттың басты мақсаты — еңбек нарығында тапшылық байқалатын салаларды кадрлармен қамтамасыз ету.

Жастар таңдауы еңбек нарығының сұранысына сай ма

Алайда ресми болжамдар мен жастардың кәсіби таңдауы әрдайым бір арнаға тоғыса бермейтінін байқауға болады. Мәселен, соңғы жылдардағы конкурс нәтижелері талапкерлер арасында стоматология, халықаралық қатынастар және дипломатия, құқық, психология, аударма ісі, сән және дизайн сияқты мамандықтардың танымал болып отырғанын көрсетеді.

Сонымен қатар педагогикалық мамандықтарға деген қызығушылық та жоғары деңгейде сақталып келеді. Сарапшылар мұны мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесін көтеруге бағытталған мемлекеттік қолдау шараларымен байланыстырады. Мысалы, соңғы жылдары педагогтердің жалақысы артты, студенттердің шәкіртақысы көбейді және жұмыспен қамту тетіктері күшейтілді.

Бұны Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтану кафедрасының доценті, PhD Нұрлан Байғабылов та қуаттайды.

Әлеуметтанушы Фото: Нұрлан Байғабыловтың жеке мұрағатынан

— Қазіргі еңбек нарығындағы сұраныс құрылымы қызмет көрсету, өнеркәсіп және білім беру салаларына бағытталған. Сондай-ақ әлеуметтанушының айтуынша, әсіресе қоғамдағы әлеуметтік-психологиялық мәселелердің күрделенуіне байланысты педагог-психологтерге сұраныс жоғары, — деді ол.

Бұдан бөлек сарапшы жастар арасында цифрлық бағыттарға қызығушылық артып келе жатқанын да тілге тиек етті.

— Нарықта мобилограф, таргетолог сияқты жаңа әрі «сәнді» мамандықтарға деген зор қызығушылық бар. IT және халықаралық бизнес саласы жастар арасында мансаптық табысқа жетудің идеалы ретінде қабылданады, — дейді Нұрлан Байғабылов.

Дегенмен бұл үрдіс еңбек нарығындағы сұраныстың жалпы құрылымын толық қамтып отырған жоқ. Бір жағынан жастар цифрлық кәсіптерге көбірек бет бұрса, екінші жағынан экономика үшін маңызды бірқатар техникалық салаларға қызығушылық төмен деңгейде қалып отыр. Мәселен, министрлік мәліметінше, балық шаруашылығы, мал шаруашылығы, механика және металл өңдеу, көлік құрылысы, киім және аяқ киім өндірісі сияқты салалар жастар арасында танымал емес.

Бұдан түйетініміз, жастардың кәсіби таңдауы көбіне еңбек нарығының ұзақмерзімді қажеттіліктеріне емес, мамандықтың беделі, танымалдығы немесе табыстылығы туралы қоғамдық түсініктерге негізделетінін аңғартады.

Жасанды интеллект еңбек нарығын қалай өзгертіп жатыр

Соңғы екі-үш жылда еңбек нарығына қатысты ең көп талқыланған тақырыптардың бірі — жасанды интеллект. Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жасанды интеллектіні жаппай енгізу Қазақстанда 300-400 мың жұмыс орнын қысқартуға әкелуі мүмкін деген ақпараты еңбек нарығының болашағына қатысты алаңдаушылықты күшейте түсті.
 

еңбек нарығы, жұмыспен қамту Коллаж: Kazinform

Дегенмен сарапшылар мұндай болжамдарға сақтықпен қарауға шақырады. Мәселен, PhD Нұрлан Байғабыловтың пікірінше, жасанды интеллект еңбек нарығының құрылымын түбегейлі өзгертіп жатқан жоқ.

— Жасанды интеллект бұл құрылымды түбегейлі өзгертпегенімен, мамандықтардың мазмұнын трансформациялап жатыр. Мысалы, «Жол тап» әлеуметтік жобасы аясында жастардың мобилограф, таргетолог сияқты жаңа цифрлық мамандықтарға тез бейімделуі байқалады. ЖИ ендігі кезекте адамды алмастырушы емес, оның «әріптесіне» айналып, шығармашылық және аналитикалық жұмыстарды жеделдетіп отыр, — дейді әлеуметтанушы.

Еңбек нарығындағы басты өзгеріс белгілі бір кәсіптің жоғалуында емес, сол кәсіпті атқару тәсілдерінің өзгеруінде болып отыр.

ЖОО-лар жаңа жағдайға бейімделіп жатыр ма

Қазіргі кездегі еңбек нарығындағы өзгерістер жоғары білім беру жүйесіне де әсер етіп жатыр. 2025 жылы наурыз айында жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына өзгерістер енгізіліп, барлық білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект бойынша курстарды енгізу қарастырылды.

Қазіргі таңда жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын қайта қарап, ЖИ тақырыптарын жеке пән ретінде немесе негізгі пәндердің құрамына енгізіп жатыр.

Министрлік мәліметінше, бүгінде еліміздің 30-дан астам жоғары оқу орны жасанды интеллект бағытындағы 42 білім беру бағдарламасын әзірлеген.

— Олардың қатарында «ЖИ және деректерді талдау», «Медицинадағы ЖИ», «Қолданбалы жасанды интеллект», «Инжиниринг және жасанды интеллект», «Цифрлық бизнес және жасанды интеллект технологиялары», «Көлік машина жасаудағы смарт технологиялар және жасанды интеллект», «Тау-кен-металлургия өндірісіндегі жасанды интеллект» секілді бағдарламалар бар. Бұны бітірген түлектер ЖИ саласында кең ауқымды дағдыларға ие болады, оның ішінде: Python-да бағдарламалау, машиналық оқытуға арналған кітапханалар мен фреймворктарды пайдалану, деректерді талдау және визуализациялау, үлкен деректермен және деректер базаларымен жұмыс істеу, ЖИ-ға негізделген шешімдерді бизнес-процестерге интеграциялау, нейрондық желілерді әзірлеу және енгізу, ЖИ пайдалана отырып процестерді автоматтандыру, — делінген министрліктің жауабында.

Осы тұста Нұрлан Байғабылов та жоғары оқу орындары еңбек нарығының өзгерістеріне жауап беруге тырысып жатқанын айтты.

мамандық Фото: rally36.ru

— Қазақстандағы жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын жаңартуда мемлекеттік «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы мен 2023-2029 жылдарға арналған ғылым мен жоғары білімді дамыту тұжырымдамасын негізге алады. Профессорлық-оқытушылық құрам нарық талаптарына сай арт-терапия практикумы сияқты элективті курстар мен инновациялық технологияларды (соның ішінде ЖИ) оқу процесіне біріктіріп жатыр, — деді оқытушы.

Білім беру мен еңбек нарығы арасында алшақтық бар

Сарапшылар еңбек нарығы мен жоғары білім жүйесі арасындағы сәйкестік мәселесі толық шешілді деп айтуға болмайтынын алға тартады.

— Әлеуметтанулық зерттеулер нәтижесі бойынша, сарапшылар мен респонденттердің пікірінше, жоғары білімді бітірген жастардың көбі мамандығы бойынша жұмыс таба алмайды. Бұл нарық қажеттілігі мен білім беру арасында әлі де болса алшақтық бар екенін көрсетеді, — дейді әлеуметтанушы Нұрлан Байғабылов.

Оның айтуынша, мемлекет бұл мәселені шешу үшін жаңа тәсілдерді қарастырып жатыр. Соның бірі — жастарды еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне бейімдеуге бағытталған жобалар мен бағдарламалар.

Болашақ маманға қойылатын талап өзгерді

Еңбек нарығындағы өзгерістер талапкерлердің мамандық таңдауына да әсер етпей қоймайды. Нұрлан Байғабыловтың пікірінше, бүгінгі талапкер үшін басты мақсат тек диплом алу емес.

— Бүгінгі талапкерге тек диплом алуды емес, «профессионалды позициясын» қалыптастыруды мақсат ету керек. Қазіргі жағдайда коммуникация, эмпатия, проблемаларды шешу қабілеті сияқты икемді дағдылардың маңызы артып отыр. Сонымен қатар цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллект құралдарын қолдана білу де маңызды факторға айналып келеді. Технологиялар жылдам өзгергендіктен, жастар үздіксіз білім алуға және жаңа жағдайларға бейімделуге дайын болуы керек, — дейді сарапшы.

Қорыта келе, Қазақстандағы грант саясаты еңбек нарығының ұзақмерзімді қажеттіліктерін ескерсе, талапкерлердің таңдауы көбіне қоғамдағы бедел мен жеке қызығушылыққа бағытталғанын көріп отырмыз. Бұл екі бағыттың арасында белгілі бір алшақтық сақталғанымен, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дамуы бәріне ортақ жаңа талап қойып отыр. Ендігі жерде қай мамандықты таңдағаннан гөрі, сол салада өзгерістерге бейімделе білу маңыздырақ болуы мүмкін


Материал Kazinform сайтынан алынды. 

Жазылу