Қазақстанда жыл сайын 200 мыңнан астам азамат қан доноры атанады.
Донорлардың саны бойынша Астана, Алматы және Шымкент қалалары алдыңғы орында. Бұл ірі қалаларда халық санының көп болуына байланысты қан мен донорларға деген қажеттіліктің де жоғары болуымен түсіндіріледі.
Донорлардың азаматтық жауапкершілігі мен жанашырлығының арқасында еліміздің медициналық ұйымдары күн сайын операциялар жүргізуге, онкологиялық ауруларды емдеуге, жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге, ауыр жарақат алған пациенттер мен жаңа туған нәрестелерге көмек көрсету үшін қажетті қан компоненттерімен қамтамасыз етіледі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша республикада қан мен оның компоненттерінің 255 255 донациясы жүзеге асырылды. Бұл көрсеткіш азаматтардың жоғары әлеуметтік жауапкершілігін және қан қызметінің тұрақты дамуын айғақтайды.
Донорлық қозғалыста құрметті донорлардың орны ерекше. Олар – қан мен оның компоненттерін 50 реттен астам тапсырған азаматтар. Олардың өтеусіз донорлықты дамытуға және адам өмірін сақтап қалуға қосқан үлесінің маңызы орасан зор.
Қарапайым, жанашыр әрі әлеуметтік жауапкершілігі жоғары азаматтар қатарындағы құрметті донорлар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің "Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін" ведомстволық наградасымен марапатталды.
Жалпы, еліміздегі донорлық қозғалыс тұрақты әрі жүйелі сипатқа ие. Қазақстанда жыл сайын 180 мыңнан астам азамат донор болып, 255 мыңнан астам донация жасайды. Бұл жыл сайын 80 мыңнан астам пациентті сапалы қан құю қызметімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, олардың өмірін сақтап қалуға және сауығуына үлкен мүмкіндік береді.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекске сәйкес медициналық тексеруден өту және қан мен оның компоненттерін тапсыру күндері донор болып табылатын қызметкер жұмыс берушінің тарапынан жұмыстан босатылады және оған орташа жалақысы сақталады", – делінген хабарламада.
Қан орталықтарының мәліметінше Дүниежүзілік қан доноры күні – тек донорларға арналған мереке ғана емес, сонымен қатар қоғам назарын ерікті әрі өтеусіз донорлық мәселелеріне аударуға мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz