Киноға қатаң талап қойылады

Киноға қатаң талап қойылады

фото: www.istockphoto.com/portfolio/Bet_Noire

       Елімізде фильмдерді прокатқа шығаруға қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Мәдениет және ақпарат министрлігі фильмдерді прокатқа шығаруға дейінгі сараптамадан өткізу қағидаларын бекіткенін хабарлады.

       Аталған талаптар Мемлекет басшысының Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай барысында берген тапсырмасы негізінде әзірленген. Осыған байланысты «Кинематография туралы» заңға енгізілген өзгерістерге Президент 2026 жылғы 18 ақпанда қол қойған болатын. Заң нормалары 2026 жылғы 16 маусымнан бастап күшіне енді.

       Жаңа тетік киноөнімдердің қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге және кинопрокат жүйесін жетілдіруге бағытталған. Прокат алдындағы сараптама барысында фильмдерде Қазақстан заңнамасында тыйым салынған материалдардың бар-жоғы анықталады.

       Сараптама жүргізетін комиссия құрамына кинематография, денсаулық сақтау, білім және ғылым, құқық салаларының мамандары, сондай-ақ өзге де сарапшылар енгізілген. Комиссия ұсынған қорытынды шешім қабылдау кезінде ескеріліп, прокат куәлігін беру немесе одан бас тарту мәселесіне негіз болады.

       Министрлік бұл жаңашылдық киноиндустриядағы құқықтық талаптардың сақталуын қамтамасыз етіп, көрермендерге ұсынылатын фильмдердің мазмұнына қойылатын бақылауды күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз