Ескі көлікте пайдаға аспақ

Ескі көлікте пайдаға аспақ

фото: https://pixabay.com/

Енді одан табыс табуға болады

Кәдеге жарату алымының ережелері түбегейлі өзгеруде, ескі машиналар үшін қомақты жеңілдіктер ұсынылады.

Қазақстандық автокөлік иелері үшін тиімді мүмкіндік пайда болды. Енді тозығы жеткен көліктерді айдалаға апарып, жай тастай салмай, оларды жаңа көлік сатып алу кезінде салмақты жеңілдікке айырбастауға болады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағасбаев пен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 2026 жылғы 17 маусымда қол қойған бірлескен бұйрық елдегі автонарыққа серпіліс әкелуді мақсат тұтады. Бұл құжат "Қазақстанда экологиялық таза автомобиль көлік құралдарын және олардың құрамдастарын, сондай-ақ өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын жасап шығаруды ынталандыру қағидаларын" өзгертті.

Бұл реформаның басты мәнісі – кәдеге жаратуға өткізілген көлік үшін берілетін жеңілдік сертификаттарының тәртібін қайта құруында. Жаңа қағидалар 2026 жылғы 18 тамызда, яғни, алғашқы ресми жарияланған күнінен тура 60 күнтізбелік күн өткен соң заңды күшіне еніп, автонарыққа ықпал ете бастайды.

Жеңілдік тетігі қалай жұмыс істейді?

Бәрі де жүйеленген. Құжаттың талабына сәйкес, отандық өндірушілер айына 2 рет операторға арнайы өтінім жолдап отырады. Бұл өтінімдер көлік құрастыру кәсіпорындарының Қазақстан аумағында жасаған экологиялық таза автомобилін немесе өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын өткізу барысында сатып алушыларға өз есебінен ұсынған жеңілдіктерін мемлекет тарапынан қайта қаржыландырып, өтемақы алу үшін қажет.

Ал, жеңілдіктің өзі кәдеге жаратылған көлік үшін берілетін арнайы сертификат түрінде рәсімделеді. Ондағы сома тек теңгемен көрсетіледі. Бірақ қағидаларда соңғы сатып алушыға берілетін жеңілдікті есептеудің нақты формуласы көрсетілмеген.

Жеңілдік сертификатын пайдаланудың қатаң шарттарын біле жүріңіз:

уақыт күтпейді: қолданылу мерзімі – берілген сәттен тура 1 жыл. Үлгермесеңіз, сертификат жарамсыз болып қалады.

қолдан қолға өтеді: үшінші тұлғаларға беруге, сыйға тартуға немесе сатуға жол беріледі, бірақ үш реттен артық емес. Ескеретін жайт, бұл әрекеттер құжаттың жалпы 1 жылдық мерзімін еш ұзартпайды. Яғни, бір ай қалғанда сатып алсаңыз, бір айдан соң қолданыстан шығып қалады.

шектеулері бар: бір жеңіл автомобильді сатып алу кезінде ең көп дегенде тек 2 сертификаттың сомасын біріктіруге болады, ал, ауыл шаруашылығы техникасының бір бірлігін сатып алғанда – төрт сертификатқа дейін пайдалануға рұқсат.

"ҚР аумағында өндірілген экологиялық таза автомобиль көлік құралын және (немесе) экологиялық таза өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жеңілдік бір сатып алынатын автомобиль көлік құралына бір бірлігіне екіден аспайтын жеңілдік сертификаты бойынша не өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының бір бірлігіне төрттен аспайтын жеңілдік сертификаты бойынша жинақталады", – деп нақтыланған қағидаларда.

Жеңілдік мөлшері қалай анықталады?

Азаматтардың қолдарына көптен күткен сертификат тимес бұрын, мемлекеттік машина мен оператор алдағы әрбір жылға арналған тарифтерді бекітудің мынадай көп сатылы, күрделі алгоритмін жүзеге асыруға тиіс:

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі (ӨҚМ) тікелей өндірушілердің ұсыныстарына сүйеніп, экологиялық таза автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасын өндірудің жоспарын және көлік санаттары бойынша алдағы жылға сұралатын жеңілдіктердің нақты мөлшерін анықтап, операторға жібереді.

Оператор – "Жасыл Даму" АҚ-ы 10 жұмыс күні ішінде өзінің қаржылық мүмкіндіктерін салмақтай келе, бұл ұсыныстарды жіті талдайды және сұралып отырған жеңілдікті қанша адамға бере алатынын бағамдайды. Сертификаттардың жалпы саны мен жеңілдік мөлшерін дәл есептеп шығып, жобаны қайта бекіту үшін ӨҚМ-ге кері жолдайды.

Өнеркәсіп министрлігі келесі 10 жұмыс күні ішінде бұл цифрларды зерделеп, біржола келісімнен өткізеді немесе шикі тұстарын түзету үшін ескертулермен бірге операторға кері қайтарады.

Оператор бекітілген көрсеткіштерді алдағы жылға арналған "Инвестициялық саясатының" арнайы бөліміне енгізеді және бұл құжатын 5 күн ішінде Экология министрлігіне келісуге ұсынады.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі 10 жұмыс күні ішінде "Жасыл Дамудың" инвестициялық саясатын бекітеді.

Міне, тек осы ұзақ тізбек толық аяқталғаннан кейін ғана ескі машинасымен қоштасып, кәдеге жаратуға өткізетін қарапайым қазақстандықтар өз қолына нақты жеңілдік сертификаттарын ала бастайды.

Утильалымның екінші тынысы: ескі-құсқы көліктерді өткізу қағидалары жаңартылды

"Жасыл даму" АҚ ескі көліктерді кәдеге жарату (утилизациялау) бағдарламасын ресми түрде қайта іске қосып, оған жаңа дем берді. Өз ауласындағы немесе гаражындағы темір-терсек көне машинасынан құтылғысы келетін кез келген жанға бұл бағдарламаға қатысуына жол ашық.

Ең бастысы – енді қазақстандықтар үшін тек жеңілдік сертификаттары ғана емес, сонымен бірге ескі машинасының орнына тікелей банктік шотына түсетін нақты ақша алудың бірегей баламасы пайда болды.

"Темір тұлпарыңызды" кәдеге жаратуға өткізгенде сізге мемлекет тарапынан өтемақының екі бірдей нұсқасының біреуін таңдау ұсынылады:

Ақшалай төлем: сомасы көлігіңіздің ішкі-сыртқы жиынтығына, бөлшектерінің толықтығына тікелей байланысты және төлем 48 000-нан 150 000 теңгеге дейін барады.

Жеңілдік сертификаты: оның номиналы 315 000-нан 750 000 теңгеге дейін жетеді, ал, егер ауыл шаруашылығы техникасын өткізсеңіз – 2 миллион теңгеге дейін өседі.

Бірақ ақшалай төлемнен айырмашылығы, мұнда екі бірдей "гәпті" ескерген маңызды. Біріншіден, бұл сертификатты тек Қазақстанның өз зауыттарында құрастырылған және тек салондарда сатылатын жаңа экологиялық таза автомобильдер мен арнайы техникаларды сатып алуға жұмсай аласыз. Қолдан не ескісін сатып алуға жарамайды.

Екіншіден, автокөлік иелерінің осы жеңілдікті іске жаратуына тура 12 ай ғана уақыт беріледі. Осы мерзімде пайдаланып үлгермесеңіз, қолыңыздағы сертификат ештеңеге жарамсыз болып қалады.

Бұл ауқымды бағдарлама аясында жеңіл автомобильдерді ғана емес, алып жүк көліктерін, автобустарды, сондай-ақ өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын – тракторлар мен комбайндарды өткізуге болады. Утилизацияланатын машинаңыздың шыққан жылының немесе жасының ешқандай маңызы жоқ. Алайда оның техникалық күйіне қойылатын талап өте қатал.

Ең жоғарғы соманы немесе максималды номиналдағы сертификатты алу үшін автомобиль толық жиынтықта болуы шарт: оның шанағы (кузов), барлық есіктері, қозғалтқышы, беріліс қорабы (КПП), радиаторы, капоты, багажының қақпағы, қанаттары, доңғалақтары, аккумуляторы, сұйықтықтарға арналған бактары мен пайдаланылған газды шығару жүйесінің бүкіл элементтері өз орнында тұруға тиіс.

Кәдеге жаратылатын машинаның бөлшектері неғұрлым аз болса, қабылдау пунктінде оның құны да соғұрлым төмендеп, арзанға бағаланатынын қаперіңізде ұстаңыз.

2026 жылы Қазақстанда автомобильдерді утилизациялау үдерісі Көлік құралдарын кәдеге жаратудың арнайы мемлекеттік жүйесі аясында жұмыс істейтін уәкілетті қабылдау пункттері арқылы жүргізіледі.

Сондықтан көлік иесі төл машинасын қабылдау пунктіне өз күшімен жеткізуге міндетті: оны өздері алып кетпейді. Пунктте көлік иесі көлікті кәдеге жаратуға қабылдау туралы өтінішті толтыруы және "темір тұлпарының" тиісті құжаттар пакетін өткізуі керек.

Көлік қабылданған соң кәдеге жарату актісі ресімделеді. Осы ресми құжаттың негізінде автомобиль немесе ауыл шаруашылығы техникасы ІІМ органдарындағы тіркеу есебінен біржола шығарылады, деп нақтылады  "МЦФЭР-Главбух" сарапшылары.

Қабылдау пунктіне әкелінген ескі автомобильдің бағасына сол кездегі метал сынықтарының нарықтық құны да әсер етеді. Осындай бағалаудан өткен соң машина бөлшектер мен материалдарға жіктеліп ажыратылады.

Көліктің темір қаңқасы мен басқа да металл элементтері балқыту зауытына жөнелтіледі. Осы үдерістер аяқталғаннан кейін иесінің шотына ақша аударылады немесе қолына сертификат ұстатылады.

Утильалым экономикасы

Бұл жүйенің қаржылық ауқымы мен айналымы еріксіз таңғалдырады: тек соңғы 4 жылдың ішінде ғана Қазақстан кәдеге жарату алымы есебінен бизнес пен бұқарадан 1,13 триллион теңгеден астам қаражат жинаған.

2026 жылы елде утильалымның қайта қаралған, кей жағдайда екі есеге дейін өскен жаңа көрсеткіштері бекітілді. Бұл алымның қымбаттауына АЕК көлемінің өсуі де ықпал етті.

Жалпы, мемлекет жыл сайын бұл алымның мөлшерлемелерін тұрақты түрде индекстеп, көтеріп отырады: олар орта есеппен 15-20%-ға өседі.

Дегенмен, нақты төлейтін утильалым сомасы көліктің шыққан жылы мен оның қозғалтқыш көлеміне тікелей тәуелді: техника неғұрлым ескі әрі қозғалтқышы қуатты болған сайын, оны заңдастырып рәсімдеу қалтаңызды соғұрлым қатты қағады.

Ағымдағы 2026 жылы кәдеге жарату алымының базалық мөлшерлемесі 50 АЕК болып бекітілді. Бұған әртүрлі коэффициенттер қосылады. Салдарынан, қозғалтқышының көлемі 2 литрге дейінгі бензинді автокөлік үшін иесі шамамен 756 мың теңге төлеуге мәжбүр.

Ал, егер моторының көлемі 3 литрден асып кетсе, бұл сома бірден шарықтап, 2,4 миллион теңгеден асып жығылады. Мұнда жалғыз ғана экологиялық таза электромобильдер үшін жеңілдік жасалды: олар бұл алымды төлеуден заң жүзінде толық босатылған.

Дерек көзі: https://inbusiness.kz

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз