Ақмолада тәулігіне 1 миллион жұмыртқаны өңдейтін өндіріс іске қосылады

Ақмолада тәулігіне 1 миллион жұмыртқаны өңдейтін өндіріс іске қосылады

фото: https://www.istockphoto.com/

       Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған жаңа өндірістік жобалар саны артып келеді. Соның бірі – Ақмола облысында жүзеге асырылып жатқан жұмыртқаны терең өңдеу кешені.

       Жобаны «Kaz Eggs» компаниясы қолға алған. Болашақ кәсіпорын Целиноград ауданындағы Ақмол ауылында орналасады. Өндірістік кешен толық қуатына шыққан кезде тәулігіне 1 миллионға дейін тауық жұмыртқасын өңдеуге мүмкіндік береді.

       Жобаның жалпы инвестициялық құны 30 миллиард теңгені құрайды. Өндіріс орнын іске қосу келесі жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған. Кәсіпорын пайдалануға берілген соң 80 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

       Сарапшылардың пікірінше, мұндай жобалар еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде қосылған құны жоғары өнімдер өндірісін дамытуға серпін береді. Бүгінде әлемдік нарықта жұмыртқа ұнтағы, сұйық жұмыртқа өнімдері және тағам өнеркәсібіне арналған ингредиенттерге сұраныс артып келеді. Сондықтан шикізатты терең өңдеу бағытындағы инвестициялар отандық өндірістің экспорттық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

       Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мемлекет ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған жобаларды қолдауды жалғастырып келеді. Бұл қадамдар ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға бағытталған.

       Айта кетейік, соңғы уақытта өңірлерде құс шаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар ірі бастамалар қолға алынуда. Бұған дейін Жамбыл облысында жылына 60 миллион жұмыртқа өндіретін жаңа кәсіпорын салынатыны хабарланған болатын.

Жазылу