Ақмола облысында көкпар ойыны кезінде 14 жастағы жасөспірім аттан құлап, көз жұмды. Қайғылы оқиға Рахымжан Қошқарбаев ауылында болған.
Телеарна мәліметінше, бала ауруханаға жеткізіліп бара жатқан жолда қайтыс болған.
Жергілікті әкімдік өкілдері жарысты тұрғындардың өздері ұйымдастырғанын, шара әкімдікпен келісілмегенін мәлімдеді. Ал облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бұл оқу-жаттығу жиыны аясында өткізілген жеке ойын болғанын хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, қайтыс болған жасөспірім де, өзге қатысушылар да ресми спорт секцияларында тіркелмеген. Сондай-ақ бұл шара мемлекеттік спорт ұйымдарының жоспарына кірмеген.
Қазір жергілікті билік марқұмның отбасына көмек көрсетіп жатыр.
Өңірлік полиция департаменті кәмелетке толмаған баланың өліміне байланысты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Тергеу барысында жаттығуды ұйымдастырушылар мен қатысушылардың қауіпсіздігіне жауапты тұлғалардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі", – деді полиция департаментінің аға инспекторы Әсем Әбдірахманова.
https://kaz.tengrinews.kz/