Алматыда қоғамдық көліктің жаңа түрі– SkyTrain жоғары жылдамдықты монорельсті жүйесін салу жоспарланып отыр. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы "Қазақстан" ұлттық арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жоба көлік кептелісін азайтып, экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған. Қазіргі уақытта SkyTrain-ның екі желісінің бағыты анықталған.
Бірінші желі «Барлық» көлік-ауыстыру торабынан басталып, Райымбек даңғылы, Саин көшесі, Әл-Фараби даңғылы және Шығыс айналма жолы арқылы «Шығыс қақпасы» көлік-ауыстыру торабына дейін созылады. Оның ұзындығы – 29 шақырым. Бағыт бойында 16 станция салу көзделген.
Ал екінші желі Райымбек даңғылы бойымен Саин көшесінен «Шығыс қақпасы» торабына дейін жалғасады. Ұзындығы – 13 шақырым. Мұнда 4 станция қарастырылған.
Жалпы ұзындығы 42 шақырым болатын SkyTrain жүйесінде 20 станция жұмыс істейді деп жоспарланған. Пойыздардың орташа жылдамдығы сағатына 35 шақырым болмақ. Екі желіні де салу мерзімі 36 айға есептелген.
Жоба аясында депоны Алматы облысы, Қарасай ауданындағы Абай ауылында, «Барлық» көлік-ауыстыру торабының маңына орналастыру жоспарланып отыр.