«Threads». Желіден неге жұбаныш іздейді? Қисынсыз пікір жазған жазалана ма?
Жеке өміріндегі мәселені желіде жариялау трендке айналып барады. Әсіресе Threads-те отбасында болған оқиғаны ашық жазып, көпшіліктен ақыл-кеңес сұрайтындардан көз сүрінеді. Оларға жаны ашыған сыңай танытып, жөнсіз пікір жазатындар да көп. Тіпті күйеуі мен енесіне шағымданған жас келіндерді ажырасуға үгіттейтіндер де табылады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы ktk.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Желіден жұбаныш іздеу неге белең алды?
Соңғы уақытта жеке өміріндегі келеңсіз жәйттерді желіде жариялау трендке айналып барады. Әсіресе күйеуіне шағымданып, енесін күндейтін келіндер көбейді. Threads желісі олардың сырласындай. Отбасындағы жағдайды үтір-нүктесіне дейін жазып, жұрттан ақыл-кеңес сұрайды.
Сөзімізге дәлел ретінде мына жазбаны мысалға келтірсек: "Бөлек шықсақ, енем «сендермен бірге кетемін» депті күйеуіме, оның несі бөлек?" деген жас келіннің сұрағына жазылған пікірлер жаға ұстатады.
— Енең байыңның алдында ашық-шашық киініп жүрсе, онда ойы бар, байыңда.
— Енемен күйеуіңізді шығара салыңыз онда, мен атамен тұрамын деп.
— Сіз күйеуім екеуміздің ортамызда ұйықтаңыз, онда мама деп айтыңыз
— Өзінің күйеуі жоқ па?
Мамандардың айтуынша, дәл осылай қисынсыз пікір жазып, ажырасуға үгіттейтіндердің өзі де іштей күйзелісте жүргендер. Яғни жұртқа ақылгөйсігенімен, оның отбасындағы жағдай да мәз емес болуы мүмкін. Мұндай адамдардан ақыл-кеңес сұрау — қате дейді психологтар.
Ержан Мырзабай, отбасы психологі: — Сіздің осы бағыттағы посттарыңыз, осы бағыттағы сөздеріңіз көбінесе сондайға қызығатын, немесе сондай жағдайдағы адамдарға шығады. Ол әлеуметтік желінің алгоритімі, сіз қай нәрсеге лайк басасыз, коммент жазасыз, соған ұқсас дүние алдыңызға шығады. Демек олардың барлығы белгілі бір дәрежедегі психологиялық травма алған, өмірлік қиындыққа тап болған, шешімін таба алмай жүрген адамдардың алдына сіздің посттарыңыз шығып жатыр. Осы ретте олардан кеңес сұрау — үлкен қателік.
Желідегі арандатушы пікірлер бүтін бір отбасының ойрандалуына тікелей әсер еткеннің өзінде, заң жүзінде оны жазғандарды жауапқа тарту мүмкін емес. Заңгерлер бұл мәселенің құқықтық тұрғыдан реттелмегенін айтады.
Жандос Тұяқов, заңгер: — Ол азамат өзінің ойын, пікірін жазса, ол үшін Қылмыстық кодексте де, Азаматтық кодексте де ешқандай жаза қарастырылмаған. Мен былай ойлаймын, сіздің күйеуіңіз былай шығар деген адамдар жауапқа тартылмайды. Егер де жаңағы комментте адамның ар-намысына тиетін сөздер болса және ол балағат сөздермен ұштасса, онда Қылмыстық кодекстің 131-бабы бойынша жауапқа тартылуы мүмкін.
Осы тұста шаңырақта ыдыс-аяқ сылдырласа, бірден жарасын желіге жазып, жұбаныш іздейтін жандарға көмек көрсететін мекемелер бар. Отбасын қолдау орталығына барып, тегін психологиялық жәрдем алған ең дұрыс шешім дейді мамандар.
Құралай Серікқызы, Астана қаласы әкімдігінің отбасын қолдау орталығыны директорының орынбасары: — Қазір абьюзер, редфлаг, грин флаг дегендер актуально болып кетті ғой. Егер бір қиындық болған жағдайда біздің орталыққа келуге болатынын да айтқым келеді. Бізде құқық бойынша мамандар да жұмыс жасайды. Психологтар да консультациясын ақысыз түрде береді. Біз сияқты отбасы қолдау орталығы бар.
Онсыз да елімізде ажырасу көп. Сондықтан, отбасының тағдырын қаңқу сөз бен қасаң пікір шешпеуі тиіс. Әлеуметтік желіде біреудің шаңырағындағы мәселеге қатысты пікір жазбас бұрын, ойланыңыз. Сіздің сөзіңіз бүтін бір отбасының бақытына балта шабуы бек мүмкін.
Ақпарат ktk.kz сайтынан алынды.