Ұлттық госпитальдің №1 терапия бөлімінде қызмет ететін пульмонолог дәрігер Бибінұр Хакімғалиқызы Рахметова медицина саласында 11 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның 10 жылы тыныс алу жүйесі ауруларын емдеуге арналған. 2022 жылдан бастап Ұлттық госпиталь қабырғасында жұмысын жалғастырып келе жатқан білікті маманмен өкпе ауруларының алдын алу, олардың алғашқы белгілері мен қауіпті тұстары жайында сұхбаттасқан едік.
Дәрігердің айтуынша, бүгінгі таңда созылмалы обструктивті өкпе ауруы (ӨСОА) әлемдік денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті мәселелердің біріне айналған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, бұл дерт әлем бойынша өлім-жітім себептерінің ішінде төртінші орында тұр. Жыл сайын шамамен 3,5 миллион адам осы аурудан көз жұмады. Бұл – әлемдегі барлық өлімнің шамамен 5 пайызы. Сонымен қатар ӨСОА денсаулықтың нашарлауы мен мүгедектікке әкелетін аурулар тізімінде сегізінші орынға жайғасқан.
Маманның сөзінше, аурудың пайда болуына көбіне темекі шегу, өндірістегі зиянды факторлар, түтін мен жану өнімдері, сондай-ақ экологиялық ахуалдың қолайсыздығы әсер етеді.
Пульмонолог демікпе, бронхит және пневмония сынды аурулардың алғашқы белгілері ұқсас болғанымен, әрқайсының өзіне тән ерекшелігі бар екенін атап өтті.
— Бронхиалды астма көбіне кеуде қуысындағы ысқырықты сырылдан, кеуденің қысылуынан және құрғақ жөтелден басталады. Әсіресе бұл белгілер түнде немесе таңертең күшейеді. Суық ауа, шаң-тозаң, өткір иіс не аллергиялық факторлар ентігуді қоздыруы мүмкін. Ауру белгілері бірде байқалып, бірде басылып қалуы да ықтимал, — дейді дәрігер.
Ал бронхит, әдетте, суық тиюден немесе жедел респираторлық инфекциялардан кейін пайда болады. Алғашында тамақ ауырып, әлсіздік сезіліп, дене қызуы көтеріледі. Кейін жөтел басталып, бірнеше күннен соң қақырық пен кеудедегі сырыл қосылады.
Пневмонияның ағымы бұдан да ауыр өтеді. Дерт дененің қатты тоңуынан кейін қызудың көтерілуі, қалтырау мен әлсіздіктен басталады. Науқаста қақырықты жөтел, тыныс алғанда кеуде тұсының ауыруы, ентігу және жиі тыныс алу байқалады. Кей жағдайда қандағы оттегі деңгейі де төмендейді.
Бибінұр Хакімғалиқызының айтуынша, ұзақ уақыт басылмайтын жөтел, себепсіз ентігу, тұншығу ұстамалары, кеудедегі ысқырықты дыбыс немесе қақырықтың тұрақты бөлінуі — елеусіз қалдыруға болмайтын белгілер.
— Егер өзіңізде немесе жақындарыңызда осындай симптомдар байқалса, міндетті түрде пульмонолог дәрігердің кеңесіне жүгініңіз. Аурудың алдын алу — оны емдеуден әлдеқайда жеңіл. Денсаулыққа бейжай қарамау керек, — дейді маман.
Шынында да, тыныс алу жүйесінің саулығы — адам өмірінің сапасына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Сондықтан уақытылы тексеріліп, салауатты өмір салтын ұстану — өкпе ауруларының алдын алудың ең тиімді жолы.