Қазақстанның жоғары оқу орындарында жасанды интеллектіні оқыту ауқымы кеңейіп келеді. Енді мамандығына қарамастан барлық студент жасанды интеллект пәнін оқиды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Оның сөзінше, 2025 жылдан бастап жасанды интеллект дағдылары барлық білім беру бағдарламасына енгізілген.
— Қазір 95 университет оқу жоспарларына жасанды интеллект пәндерін қосты. Бұл 4 мыңнан астам білім беру бағдарламасын қамтиды. Сонымен қатар 30 жоғары оқу орнында жасанды интеллект бағыты бойынша 42 білім беру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Профессор-оқытушылар құрамының 54%-ы жасанды интеллект саласында біліктілігін арттырды, — деді вице-министр.
Сондай-ақ жоғары оқу орындарында жасанды интеллектіні қолдану стандарты бекітіліп, диссертация әзірлеу кезінде оны пайдалануды реттейтін толықтырулар енгізілген.
Бұдан бөлек, барлық жоғары оқу орны үшін жасанды интеллектіні қолданудың негізгі көрсеткіштері бекітілді.
https://kaz.inform.kz/