ChatGPT емшіге айналды ма? Цифрлық диагноз дәуірі басталды

ChatGPT емшіге айналды ма? Цифрлық диагноз дәуірі басталды

фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/PanyaMingthaisong

       Қазақстанда жасанды интеллектіні қолданатындардың саны жыл сайын артып келеді. Әсіресе ChatGPT, Gemini секілді сервистерді жастар белсенді пайдаланады. Сарапшылардың дерегінше, ел тұрғындарының жартысынан астамы бүгінде ЖИ құралдарымен жұмыс істейді. Ең жоғары көрсеткіш 18-29 жас аралығында байқалады.

       Қазір қазақстандықтар жасанды интеллектіні тек оқу мен мәтін жазуға емес, денсаулық мәселесіне де пайдалана бастаған. Кейбір азаматтар дәрігерге бармас бұрын ChatGPT-ке симптомдарын жазып, алдын ала «диагноз» алуға тырысады. Тіпті интернеттегі кеңестерге сүйеніп, өз бетінше ем қабылдайтындар да кездеседі.

       Жалпы тәжірибелі дәрігер Лаура Әзімханның айтуынша, соңғы уақытта ChatGPT-тен оқып келген пациенттер көбейген. Оның сөзінше, әсіресе жас ата-аналар интернеттегі ақпаратқа жиі сенеді. Алайда мұндай кеңестер әрдайым нақты бола бермейді. Соның салдарынан уақыт өткізіп алу, қажетсіз антибиотик қабылдау немесе ауруды асқындырып алу жағдайлары кездеседі.

       Маман жасанды интеллект берген ақпаратты тек қосымша бағыт-бағдар ретінде қарастыру қажет екенін айтады. Себебі нақты диагнозды тек дәрігер қоя алады. Кей жағдайда пациенттердің дәрігер кеңесін емес, ChatGPT жауабын дұрыс көруі мамандарды алаңдатып отыр.

       Бұл үрдіс әлемде де кең таралған. OpenAI мәліметінше, бүгінде миллиондаған адам ChatGPT арқылы денсаулыққа қатысты кеңес алады. АҚШ-та дәрігерлердің басым бөлігі жасанды интеллектіні құжат толтыру, талдау жасау және ем жоспарын дайындау үшін қолданады. Бірақ көп елде ЖИ-медицина қатаң бақылауға алынған.

       Қазақстанда да бұл бағыт біртіндеп дамып келеді. Мәселен, Cerebra.AI жүйесі инсультті жылдам анықтауға көмектесіп, кей клиникаларда тиімділігін көрсеткен. Сонымен қатар телемедицина, қатерлі ісікті ерте анықтау және зертханалық диагностика салаларында ЖИ технологиялары енгізіле бастады.

       Алайда сарапшылар елдегі медицина жүйесі жасанды интеллектіні жаппай қолдануға әлі толық дайын емес екенін айтады. Ол үшін құқықтық база, деректер қауіпсіздігі, халықтың цифрлық сауаты және дәрігерлерді оқыту мәселесі шешілуі қажет.

       Мәжіліс депутаты Даулет Мұқаевтың пікірінше, Қазақстанда ЖИ-ге қатысты заң қабылданғанымен, медицина саласында пациент қауіпсіздігі мен жауапкершілік мәселесі басты назарда болуы тиіс.

       Қалай болғанда да, жасанды интеллект медицинаға дендеп еніп келеді. Бірақ мамандар технология дәрігердің орнын толық баспайтынын ескертеді. Себебі соңғы шешім мен адам өміріне жауапкершілік бәрібір маманның мойнында қалады.

Жазылу