Алматыда LRT құрылысы басталады

Алматыда LRT құрылысы басталады

фото: Pexels.com

Биыл Алматыда LRT-нің құрылысы басталуы мүмкін. Қазір, жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздеме толық әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы "Қазақстан" ұлттық арнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.  

LRT желісінің ұзындығы 18 шақырымнан асады. Бағыт қаланың батысы мен шығыс бөлігін байланыстырады. 

Жеңіл рельсті көлік Төле би көшесімен, Абылай хан даңғылы арқылы Алматы-2 вокзалына дейін барады. Сонымен қатар, Момышұлы көшесі арқылы Алатау ауданындағы Индустриялық аймаққа дейін қатынайды. 

Қалалық жолаушылар көлігі және жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының мәліметінше, Алматыдағы LRT жер үстімен жүреді. Яғни, Астанадағыдай эстакада түрінде салынбайды. 

Айта кетейік, Алматыда жеңіл рельсті көлік жүйесін енгізу мәселесі шамамен 10 жыл бұрын көтерілген еді. Сол кезде трамвай жолдарының тозуына байланысты трамвай қозғалысы толық тоқтатылған. 

Ал биыл наурыз айында Мемлекет басшысы Алматы әкіміне қаладағы LRT жүйесін дамыту жұмыстарын жандандыруды тапсырған.

LRT тарихына тоқтала кетсек, екі жүз жыл бұрын, 1825 жылдың күзінде Англияда әлемдегі алғашқы қоғамдық теміржол ашылды. 40 шақырымдық желі екі қаланы – Стоктон мен Дарлингтонды байланыстырды. Іске қосу рәсіміне 10 000-нан астам адам қатысты.

Ал біздің елде жеңіл рельсті көлік жүйесін салу идеясы алғаш рет 2005 жылы «Астана қаласының жаңа көлік жүйесін» құру аясында ұсынылған болатын.

Қала тұрғындарына арналған LRT ресми түрде биыл, 16 мамырда іске қосылды.
 

Жазылу