Самокатты тастап кетсең — айырыласың

Самокатты тастап кетсең — айырыласың

фото: https://www.istockphoto.com/

       Алматыда көше қозғалысына қатысатын шағын электр көліктеріне бақылау күшейтілмек. Қалада электросамокаттар мен мопедтердің қауіпсіздігін арттыру үшін арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы құрылу үстінде. Бұл туралы құқық қорғау органдары хабарлады.

       Жаңа тәртіпке сәйкес, қоғамдық орындарда бей-берекет қалдырылған электросамокаттар полиция тарапынан алынып, арнайы орындарға жеткізіледі. Ресми өкілдер бұл шара кәсіпкерлерге қысым жасау үшін емес, ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып отырғанын атап өтті.

       Аталған мәселе бұған дейін қала полициясы басшылығының қатысуымен өткен кездесуде қаралған. Жиында кикшеринг қызметін ұсынатын компаниялар мен жеткізу саласының өкілдері де өз пікірлерін білдірген.

       Құрылатын жұмыс тобына жергілікті атқарушы орган, прокуратура, мәслихат депутаттары, бизнес қауымдастықтар және кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді. Олар қазіргі жағдайды саралап, самокаттар, электр велосипедтер, мопедтер мен курьерлік қызметтердің қозғалысын реттеуге бағытталған нақты ұсыныстар әзірлемек.

       Жалпы алғанда, бұл бастама қаладағы қозғалыс мәдениетін қалыптастырып, жаяу жүргіншілер мен жүргізушілер үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге бағытталған.

       https://informburo.kz/kaz

Жазылу