Пәтер дауының жаңа ережесі кімге тиімді?

Пәтер дауының жаңа ережесі кімге тиімді?

фото: www.istockphoto.com

       2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда тұрғын үйге қатысты маңызды норма нақты күшейтіледі: енді ешкімді сот шешімінсіз пәтерден шығару заңсыз. Яғни жалға алушыны құлып ауыстырып, затын сыртқа шығарып, өз бетінше көшіру кезеңі аяқталды. Барлық дау тек сот арқылы шешіледі.

       Бұл өзгеріс, ең алдымен, жалға алушының құқығын қорғайды. Бірақ бұл «ақы төлемей-ақ тұра беруге болады» деген сөз емес. Егер жалға алушы шартты бұзса, төлем жасамаса немесе мерзім аяқталса – үй иесі сотқа жүгінеді. Сот барлық дәлелді қарап, шешім шығарады. Ал осы уақыт ішінде жиналған қарыз бен сот шығындары жалға алушының мойнына жүктеледі.

       Маңыздысы – келісімшарт. Ол болмаса да, төлем түбіртектері, хат алмасу секілді дәлелдер мәмілені растай алады. Дегенмен ресми келісім екі тарап үшін де қауіпсіз әрі дауды жылдам шешуге мүмкіндік береді.

       Жаңа талаптар үй иелерін де сақтыққа итермелеуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, кейбірі тәуекелді азайту үшін екі айлық депозит сұрауы ықтимал. Бұл өз кезегінде адал жалға алушыларға қосымша қаржылық салмақ түсіруі мүмкін.

       Қорытынды біреу: жаңа норма бір тарапты емес, екі жақтың да жауапкершілігін арттырады. Енді пәтер дауы эмоциямен емес, заңмен шешіледі.

Жазылу