АҚШ Мемлекеттік департаменті америкалық азаматтарға Ираннан шұғыл түрде кетуге кеңес берді. Бұған елдің әуе кеңістігінің ішінара ашылуы мен әуе қатынасының қайта жандануы себеп болды, деп хабарлайды Anadolu Agency.
Бұл туралы АҚШ-тың Тегеран қаласындағы виртуалды елшілігі жариялаған қауіпсіздік жөніндегі хабарламада айтылған.
21 сәуірдегі жағдай бойынша Иранның әуе кеңістігі ішінара ашылып, шектеулі көлемде әуе рейстері қайта іске қосылды.
АҚШ азаматтарына елден мүмкіндігінше тезірек шығу, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарындағы жаңартуларды бақылау және қолжетімді рейстер туралы ақпаратты әуе компанияларынан нақтылау ұсынылды.
Сондай-ақ Мемлекеттік департамент Ираннан Армения, Әзербайжан, Түркия және Түрікменстан арқылы құрлықпен шығу бағыттарын да атады.
Бұдан бөлек, Ауғанстан, Ирак және Пәкістан шекарасына жақын аймақтарға бармау жөнінде ескерту жасалды.
Бұған дейін Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Амир-Саид Иравани АҚШ-пен келіссөздердің жаңа кезеңі Вашингтонның блокадасы тоқтатылған жағдайда ғана мүмкін болатынын мәлімдеп, АҚШ-ты «атысты тоқтату режимін бұзды» деп айыптаған еді.
Сондай-ақ Иран АҚШ-пен келіссөзге неге қатыспайтынын түсіндірді.
Дерек көзі: https://kaz.inform.kz