Алматыда жылу желілерінің жартысынан астамы тозған

Алматыда жылу желілерінің жартысынан астамы тозған

фото: total.kz

Алматыда 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы қорытындыланып, келесі кезеңге дайындық мәселелері қаралды. Қала әкімдігінің мәліметінше, жылыту маусымы жалпы алғанда тұрақты әрі қалыпты өткен, айтарлықтай іркіліс тіркелмеген.

   — Апаттық қызметтер жедел жұмыс істеп, ақауларды уақытында жөндеді. Сонымен қатар желілердегі зақымдану саны азайған. Атап айтқанда, жылу желілерінде 276, су жүйесінде 434, газ желілерінде 153 жағдай тіркелді, — деп хабарлады әкімдік.

Алайда инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейі әлі де жоғары. Жылу желілерінің 53,9%-ы, электр желілерінің 63,3%-ы, қазандық жабдықтарының 63%-дан астамы тозған.

Алматы әкімдігі 2026 жылға ауқымды жаңғырту жұмыстары жоспарланғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, жылу, су және электр желілерін, сондай-ақ қазандықтар мен газ инфрақұрылымын жөндеу және жаңарту көзделген.

   — Негізгі міндет — тұрғындарды тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз ету. Осыған байланысты жұмыстарға бақылауды күшейту және жөндеу жұмыстарының қарқынын жеделдету жөнінде тапсырма берілді, — делінген хабарламада.

https://kaz.inform.kz/

Жазылу