Жексенбі, 19 сәуір күні, Алматы қаласында дәстүрлі Almaty Half Marathon жарысы тоғызыншы рет өтеді. Осыған орай, қала көшелерінде көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі.
Жарыс таңғы сағат 07:00-де Тұңғыш Президент саябағынан басталады. 19 сәуір күні түнгі сағат 12-ден бастап түскі 12:00-ге дейін жарыс бағыты өтетін бірқатар көшелердің жекелеген бөліктері жабылады.
Атап айтқанда, Әл-Фараби даңғылының солтүстік бағыты Розыбакиев көшесінен Мұстафин көшесіне дейін жабық болады. Сонымен қатар, Розыбакиевтен Назарбаев даңғылына дейінгі аралықта қозғалыс таңғы 06:45 пен 09:45 аралығында шектеледі. Бұл учаскелердің оңтүстік бағыттары ашық болады.
Сейфуллин даңғылы бойымен Әл-Фарабиден Абай даңғылына дейінгі аралықта қозғалыс 07:10-нан 09:05-ке дейін толық тоқтатылады.
Абай даңғылының оңтүстік бөлігімен Саин көшесінен Байтұрсынов көшесіне дейінгі қозғалыс 08:50-ден 11:15-ке дейін, ал Сейфуллиннен Байтұрсыновқа дейінгі аралық 07:20-дан 09:15-ке дейін шектеледі. Бұл бағыттардың солтүстік бөлігі ашық болады.
Сондай-ақ, Саин көшесінің шығыс жағымен Әл-Фараби даңғылынан Абай даңғылына дейінгі қозғалыс 08:30-дан 10:20-ға дейін уақытша тоқтатылады. Батыс бағыты ашық.
Марафон ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарынан алдын ала бағытын жоспарлап, уақыттарын тиімді үйлестіруді сұрайды.
Алматы — қозғалыстағы қала. Ал жексенбі күні ол – спорт пен сергектіктің мерекесіне айналмақ.