Алаяқтардың жаңа айласы: жалған билеттен қалай қорғанамыз?

Алаяқтардың жаңа айласы: жалған билеттен қалай қорғанамыз?

фото: https://www.istockphoto.com/ru

       Билет нарығындағы алаяқтық қалай өршіп барады?

       Соңғы жылдары Қазақстанда ірі концерттер мен спорттық шараларға қызығушылық айтарлықтай артты. Әлемдік жұлдыздардың келуі, стадиондағы тартысты матчтар – мұның бәрі билетке деген сұранысты күрт өсірді. Мәселен, Jennifer Lopez концертіне билеттер санаулы уақыт ішінде өтіп кеткені көпшілікке белгілі. Ал алдағы уақытта Deep Purple сынды аңыз топтардың келуі жоспарлануы бұл трендтің жалғасатынын көрсетеді.

       Алайда сұраныс артқан сайын, көлеңкелі нарық та қатар дамып келеді. Бүгінде билет саудасы тек ресми платформалармен шектелмейді – әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «делдалдар» көбейген. Олардың бір бөлігі шынайы билетті қымбатқа қайта сатса, енді бірі мүлде жоқ билетті ұсынатын алаяқтар.

       Менің байқауымша, алаяқтардың басты қаруы – психологиялық қысым мен сенімге кіру. Олар «соңғы билет», «шұғыл алу керек» деген сияқты сөздермен адамды асықтырады. Тіпті жалған QR-код жіберіп, бәрі заңды сияқты әсер қалдырады. Ал ақша аударылғаннан кейін байланыс үзіледі. Мұндай жағдайда қаражатты қайтару іс жүзінде мүмкін емес, өйткені банк оны ерікті төлем ретінде тіркейді.

       Құқық қорғау органдары мұндай жағдайлардың жиілеп кеткенін растайды. Мысалы, Алматыдағы Jennifer Lopez концертіне қатысты жалған билет сатқан күдікті ұсталған. Ұқсас оқиғалар Gorillaz концерті мен FC Kairat – Real Madrid CF матчы кезінде де тіркелген. Бұл – мәселенің жүйелі сипат алғанының белгісі.

       Тағы бір қауіпті үрдіс – бір билетті бірнеше адамға сату. Яғни сіз сатып алған билет стадионға кірер сәтте жарамсыз болып шығуы мүмкін. Мұндай жағдайлар ресми жүйеден тыс сауда жасаудың тәуекелі жоғары екенін көрсетеді.

        Дегенмен нарықта қорғаныс тетіктері де пайда бола бастады. Кейбір платформалар билет санын шектеу, биометриялық сәйкестендіру, жеке деректер арқылы тексеру сияқты шешімдерді енгізуде. Бұл алыпсатарлық пен алаяқтықты азайтуға бағытталған қадамдар.

       Қорытындылай келе, мәселе тек алаяқтарда емес, сұраныстың бақылаусыз өсуінде де жатыр. Адамдар тезірек билет алуға тырысып, қауіпсіздік ережелерін елемей жатады. Сондықтан ең қарапайым, бірақ маңызды қағида өзгермейді: билетті тек ресми платформалардан сатып алу қажет. Арзан ұсыныс пен «оңай жол» көбіне қымбат сабаққа айналуы мүмкін.

Жазылу