Ұлытаулық 76 жастағы саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов елімізде жоғары марапатқа ие болды. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев оған «Құрметті спорт қызметкері» атағын табыстады.
Тәжірибелі жиһанкездің жетістігі — нағыз табандылық пен ерік-жігердің үлгісі. Ол 2022 жылы 72 жасында Қазақстанның 17 облысын жаяу аралап, 8 мың шақырым жолды еңсеріп, еліміздің рекордтар кітабына енген болатын.
Сәрсенбай Қотырашов бұдан кейін де саяхатын тоқтатпай, халықаралық бағыттарды бағындырды. 2023 жылы Атыраудан жолға шығып, Кавказ бен Грузия арқылы Түркияның Ыстанбұл қаласына жетсе, 2024 жылы Өскеменнен басталған сапарында Алтай, Моңғолия арқылы Қытайдың Бейжің қаласына дейін барған.
Ал биылғы сапарын 3 наурызда бастап, Еуропаның бірнеше елін — Сербия, Мажарстан, Аустрия, Германия мен Францияны жаяу жүріп өтіп, жуырда елге оралды. Айта кетейік, үш күн бұрын ол шамамен 3 мың шақырым жол жүріп, Париж қаласына жеткен еді.
Бұл — тек жеке жетістік емес, салауатты өмір салтын насихаттаудың және отандық туризмді дамытудың жарқын үлгісі.