Таяу Шығыстан Қазақстанға 12 әуе рейсі жасалды

Таяу Шығыстан Қазақстанға 12 әуе рейсі жасалды
фото: pixabay.com

Таяу Шығыс елдерінен Қазақстан азаматтарын эвакуациялау жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 12 әуе рейсі арқылы 3 300-ден астам қазақстандық елге оралды. Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Әуе рейстерімен қатар, азаматтарды жерүсті жолдары арқылы да шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп жазды Informburo.kz.
Министрліктің мәліметінше, Ирандағы дипломаттар 6 наурыз күні "Заркух" компаниясында жұмыс істейтін жеті Қазақстан азаматын иран-армян шекарасына жеткізуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін Тегеран мен Еревандағы дипломаттар Иран аумағында қалған "Заркух" компаниясының 34 қызметкерінің елден шығуын ұйымдастырған. Олар автобуспен иран-армян шекарасынан өтті. 

Жалпы Ираннан бүгінге дейін 52 Қазақстан азаматы елге қайтарылды.

Қазір өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері эвакуация толық аяқталғанға дейін үйлестіру жұмыстарын жалғастырып, шиеленіс аймағындағы отандастарымызбен тұрақты байланыста болатынын мәлімдеді.